Қоғам

"Халық қытай радиосын тыңдауға мәжбүр": депутат 29 жылда шешілмеген мәселені көтерді

© Photo : СС0 / Daniel FrieseneckerМикрофон
Микрофон - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Биыл ұлттық тәуелсіздігімізге табандай 29 жыл толады, осы күнге дейін ақпараттық байланыс жүйесінің тәуелсіздігін қамтамасыз ете алмай отырмыз, деп қынжылды депутат

НҰР-СҰЛТАН, 30 қыркүйек – Sputnik. Қытай, Ресей мен Өзбекстанмен шекаралас жерлерде ақпараттық қауіпсіздік сақталмайды. Бүгін мәжілістің жалпы отырысында бір топ депутат екі министрге сауал жолдап, осы проблеманы шешуді талап етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Отырыс барысында депутат Берік Дүйсембинов әр азаматтың ақпарат алуға және таратуға  қатысты негізгі құқықтары бар екенін еске салды. Бұның барлығы Ата заңымызда көрсетілген. Ал мемлекеттің негізгі міндеті - шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарымен қатар отандық ақпарат көздерінің қолжетімді болуына кепілдік беру. Алайда тәуелсіздік алғалы бері қазақстандық коммуникация желілері жетпеген аумақтар әлі де бар.

"Мысалы, Алматы мен Шығыс Қазақстан облыстарында Қытай шекарасына жақын орналасқан кейбір аумақта қазақстандық не теледидар, не радио, не интернет ұстамайтын жерлер бар. Бірақ Қытай жақтан қазақ тілінде радио сайрап тұрады. Ал шекара маңындағы жергілікті халық тек қытай радиосын тыңдауға ғана мәжбүр", - дейді Дүйсембинов.

Депутат тағы бір мысалды келтірді. Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданына кіргенде телефонға "Добро пожаловать в Китай!" деген хабарлама түседі.

"Ізінше телефоныңыздағы Нұр-Сұлтан уақыты дереу Қытай уақытына өзгереді. Осыған ұқсас жағдай Ресей мен Өзбекстан шекарасының маңында да кездеседі. Биыл ұлттық тәуелсіздігімізге табандай 29 жыл толады. Сонда отыз жылдай тәуелсіздіктің барысында ақпараттық байланыс жүйесінің тәуелсіздігін қамтамасыз ете алмағанымыз ба?", - деп атап көрсетті Дүйсембинов.

Осы орайда депутат халқымыздың, соның ішінде жас ұрпақтың патриоттық сана-сезіміне, жалпы, ұлттық қауіпсіздігімізге балта шабатын ондай құбылыстарға ұлттық қауіпсіздік комитеті, бас прокуратура және басқа да құзіретті мемлекеттік органдар назар аударуы керек деп санайды. Бір топ депутат ақпарат және цифрлық даму министрліктеріне сауал жолдап, мәселенің мән-жайын түсіндіруді талап етті.

Жаңалықтар
0