НҰР-СҰЛТАН, 30 қыркүйек – Sputnik. 5 қазаннан бастап Қазақстан басқа елдермен қосымша әуе рейстерін тоқтатып, Түркияға рейстерді қысқартуы мүмкін. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой үкімет басшысына осындай өтініш айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Шет елдерде жағдайдың ушыққанын ескеріп, инфекцияның елге кіруіне және таралуына жол бермес үшін 5 қазаннан бастап басқа елдермен қосымша әуе рейстерін уақытша тоқтатуды ұсынамыз. Сондай-ақ, әуе қатынасы жанданған елдермен рейстерді ұлғайтпай, Түркияға рейстерді қысқартқан жөн деп санаймыз", – деді Цой үкімет отырысында.
Бұған қоса, екінші санаттағы елдерден келетін азаматтар үшін міндетті талаптар бекітілді.
- Дене қызуын өлшеу;
- Сауалнама;
- Коронавирусқа тест тапсырғаны туралы анықтама, берілгеніне 3 тәулік аспауы тиіс.
Министрдің айтуынша, анықтама болмаған жағдайда, азаматтар коронавирусқа тексеру үшін екі тәулікке карантиндік стационарға орналастырылады.
"Мұндай талаптар өткізу бекеттерінде ЕАЭО елдерімен және Өзбекстанмен әуе өткелдерінде мемлекеттік шекараны кесіп өткендерге де қолданылады. Осыған байланысты әкімдерге мемлекеттік шекараны кесіп өту бекеттерінде карантиндік стационарлар мен тестілеуді ұйымдастыруды тапсыруды сұраймын", – деді ол.
Оқи отырыңыз: Денсаулық министрі Қазақстан қандай жағдайда қатаң карантинге оралатынын айтты