НҰР-СҰЛТАН, 29 қыркүйек – Sputnik. Алматыдағы Құрлық әскерлерінің әскери институтына армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің есімі берілді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Үкіметтің 11 қыркүйектегі қаулысымен еліміздегі әскери кадрларды даярлайтын бірегей білім ордасы – Құрлық әскерлерінің әскери институтына армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің есімі берілді", - делінген хабарламада.
Сағадат Нұрмағамбетов – тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі, Кеңес одағының батыры, Халық қаһарманы. Ол Ұлы Отан соғысы жылдарында даңқты жауынгерлік жолын Берлинде аяқтаған. Кеңес заманы кезінде М.И. Фрунзе атындағы әскери академияны тәмамдағаннан кейін, түрлі штабтық және командалық лауазымдарда, Венгриядағы Оңтүстiк топ әскерлерi қолбасшысының бiрiншi орынбасары қызметін атқарды. Тәуелсіз Қазақстан армиясының қалыптасуы мен дамуына өлшеусіз үлес қосты.
Биыл әскери жоғары оқу орны жарты ғасырлық мерейтойын атап өтті.
Министрліктің мәліметінше, осы уақыт ішінде Құрлық әскерлерінің әскери институты 13 мыңнан астам офицерді даярлап шығарды. Олардың 80-нен астамы Қазақстанда, сондай-ақ шет мемлекеттерде генерал атағын алды.