НҰР-СҰЛТАН, 29 қыркүйек – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиевті қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.
Есқалиев Тоқаевқа өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері, сондай-ақ, бұған дейін берілген тапсырмалардың орындалуы жөнінде баяндады.
Кездесу барысында Жайық өзеніндегі су деңгейінің төмендеуі, өңірдің энергияға тәуелділігі және жергілікті жолдардың жағдайы сияқты облыстағы негізгі мәселелер туралы мәлімет берілді. Президент Батыс Қазақстан облысының әкіміне үкіметпен бірлесе отырып, аталған проблемаларды шешуді тапсырды.
Сондай-ақ, Тоқаев етті мал шаруашылығын дамыту және осы бағытқа ғылыми тұрғыдан баса мән беру, мұнай мен газ өндіруге қатысы жоқ салаға тартылатын инвестицияны ұлғайту, өнеркәсіпті әртараптандыру, өңдеу секторының өндірісін арттыру жөнінде Есқалиевтің алдына бірқатар міндет қойды.
Тағы оқыңыз: Коронавирустың екінші толқынына дайын болайық – Тоқаев
Бұдан бөлек, мемлекет басшысы жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды экономикалық қызметке тартуды жалғастыруды, сонымен қатар, аймақтағы үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептерге қатысты мәселелерді түбегейлі шешуді тапсырды.