НҰР-СҰЛТАН, 29 қыркүйек – Sputnik. Бұдан былай eGovMobile қосымшасы арқылы халыққа қызмет көрсету орталықтары мен мамандандырылған ХҚКО-дағы кезекке тапсырыс беріп немесе қайта брондауға болады. Ол үшін тұтынушы өзіне жақын орналасқан ХҚКО мен ыңғайлы уақытты таңдай алады.
"Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ басқарма төрағасы Әсет Тұрысовтың айтуынша, ХҚКО-на кезекті брондауды барынша жеңілдету аталған қызметті жүзеге асырудағы басты мақсат болып табылады.
"Біз пайдаланушылардың компьютерге әрдайым кіруге мүмкіндігі болмайтынын және қосымша арқылы кезекке тұру ыңғайлы және жылдам екенін түсініп, қызметті қосымшаға шығару туралы шешім қабылдадық", – деді Тұрысов.
Сондай-ақ, қосымшада бірнеше қызметті таңдау мүмкіндігі қарастырылған. Яғни, қазақстандықтар бір рет брондау арқылы үш қызметке дейін ала алады. Ол үшін "Бірнеше қызметтер беру" тармағын белгілеу қажет. Содан кейін оған көп уақыт бөлінеді.
Сонымен қатар, аталған қосымша арқылы азаматтар "Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыға әлеуметтік аударымдардың жағдайы мен қозғалысы туралы ақпарат беру" жаңа қызметін пайдалана алады. Осы арқылы өздерінің әлеуметтік есептемелерін тексеруге мүмкіндік бар. Ал анықтаманы бірнеше минут ішінде алуға болады.
Сол сияқты "Құқықтық көмек" бөлімінде "Қазақстан Республикасы ішкі істер министрлігінің Арнайы мемлекеттік мұрағатынан мұрағаттық анықтамаларды немесе мұрағаттық құжаттардың көшірмелерін алу" қызметі де қолжетімді.
Оқи отырыңыз: Енді көлікті ХҚКО-ға бармай-ақ тіркеуге болады
Айта кетейік, бұл қосымшада электрондық үкіметтің сұранысқа ие 70-тен астам қызметі мен цифрлық құжаттардың 6 түрі іске асырылады.
eGovMobile мобильдік қосымшасын GooglePlay және AppStore-да жүктеуге болады.