АЛМАТЫ, 29 қыркүйек – Sputnik. Алматыда зейнеткерді үйінен туған қызы қуып жіберді. Әкесі үйін қызына сый ретінде атына жазып берген. Ақсақалдың бұдан басқа екі ұлы әкесін қолына алғысы келмеген, деп хабарлайды Astana.TV.
Жетпіс жастағы Александр Холодяев автотұрақтағы үйшікте тұруға мәжбүр, ол сол жерде түнеп жүр. Ал таңертең ерте көше бойымен сенделеді. Көп жағдайда бұрынғы пәтерінің терезесінің алдындағы орындықта отырады.
"Оныншы қыркүйекте заттарымды шығарып тастады. Ол (қызы) полицейлерге құжаттарын көрсете бастады. Содан кейін мен дымсыз қалып, сол жердегі орындықта отырдым. Ал кешке қарай пәтерге жаңа тұрғындар келді", - дейді зейнеткер қызының пәтерден қалай шығарып тастағаны туралы.
Төрт жыл бұрын әкесі кредитін жабуға қызынан көмек сұраған. Оның орнына қызы пәтерді сыйлық ретінде атына аударып беруді талап еткен. Александр құжатқа қол қойған. Алайда, өзі дүниеден өткен соң ғана пәтерді қызының алатынын айтып келіскенімен, ол пәтерді 10 миллион теңгеге сатып жіберген.
Ал зейнеткердің көршілері оған жаны ашитынын, үйсіз жүрсе де кредит төлейтінін айтады.
"70 мың теңге зейнетақы алады, оның бір бөлігіне кредит төлейді. Оның біраз уақыттан бері төлеп келе жатқан кредиті бар. Енді міне, үйсіз қалды. Адам баспанасыз қалды, ал балалары оны мойындағысы келмейді, елемейді де. Баласы оған қол да көтерді", - деді көршісі Фая Әубәкірова.
Ал полиция қыздың пәтерге иелік етуге әрі оны сатуға толық құқығы бар екенін айтты. Сондай-ақ, зейнеткерге құқық қорғаушылар азаматтық сотқа жүгінуге кеңес берді.
"Ер адам пәтерді қызына сыйлық ретінде атына жазып берген, нотариуспен бекіткен. Соған байланысты қылмыстық іс бойынша іс жүргізу тоқтатылды", – деді Алматы полиция департаментінің өкілі Салтанат Әзірбек.
Оқи отырыңыз: Ақтөбе тұрғыны карантин кезінде әйелі мен жеті баласын үйден қуып шықты
Александр Холодяев сот арқылы әділдік іздегісі келеді. Пәтерін қайтарып алмаса да, ең болмағанда тұрғын үйді сатудан түскен ақшаның бір бөлігін иеленгісі келеді. Оған қоса балаларынан алимент алып отыруға қол жеткізгізсем дейді.