НҰР-СҰЛТАН, 28 қыркүйек – Sputnik. Атбасарда көңілдесін ұрып өлтірген 35 жастағы ер адам 9 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Тергеу материалдарына сәйкес, ер адам үйінде ішімдік ішіп отырғанда өзімен бірге тұратын әйелдің 2019 жылы желтоқсан айында таныс адамымен көзіне шөп салғаны есіне түскен. Қызғаныш сезімі билеп, әйелден өшін алуға ұмтылған.
"Ол жатын бөлмеге кіріп, әйелді бауыр тұсынан бір ұрады. Ол қатты соққыдан сылқ ете түседі. Бірақ ашуға булыққан ер адам онымен тоқтамаған, басынан және бетінен ұрғылай берген. Әйел есінен танып қалғаннан кейін есікті құлыптап, далаға шығып кеткен. Сол күні үйге келмеген", - дейді полицейлер.
Келесі күні қайтып келгенде үйдің іші тым-тырыс болған. Көңілдесі жатын бөлмеде сол күйі қозғалмай жатқанын көрген.
Полицейлер атап өткендей, ер адамның зәресі ұшып, қылмыстық жазадан құтылудың амалын іздей бастайды. Содан әйелді далаға сүйреп шығарып, мәйітін жерқоймаға тастап, қашып кетеді.
"Жәбірленуші жабық бас сүйек-ми жарақатын алған. Біршама уақыттан кейін миы ісініп кеткен", - делінген сот-медициналық сараптамада.
Оқи отырыңыз: Түркістанда әйелін пышақтап өлтірген прокурорға сот үкімі шықты
Қаскүнем тағы бір қылмыс жасайды. Көрші келіншектің кетіп қалғанын пайдаланып, үйіне түскен. Сол жерден ыдыс-аяқ пен тосап ұрлаған.
Сот оны Қылмыстық кодекстің екі бабы – денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру және ұрлық бойынша жазаға тартып, 9 жылға бас бостандығынан айыруға шешім шығарды.