Видео

Бостандықтың белгісі: бүркітшілер құсты қалай аңға салу керектігін көрсетті – видео

Жазылу
Алматы облысында Төле би ауылының маңында жаңадан "Қыран" ұлттық аңшылық этномәдени орталығы ашылды. Ол жерде қолөнер, аң аулау және ат үстінде жүріп садақ ату секілді қазақ дәстүрін үйретеді. Толығырақ Sputnik Қазақстан видеосынан көріңіз

Этномәдени орталықты қазақстандық "Қыран" ұлттық аңшылық федерациясы ашты, ол 1998 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Орталықта тәжірибелі жаттықтырушылар жыртқыш құстармен аң аулағысы келетіндерді баулиды.

Орталықтағы ең жас құсбегі Ерсұлтан Жұмағұлдың айтуынша, оның отбасында бүркітті аңға салу – атадан балаға берілетін мұра. Он төрт жастағы құсбегі он жасынан бері әке жолымен жүріп келеді.

Жас бүркітшінің айтуынша, құс иесінің айтқанын екі етпей орындауы үшін онымен көп уақыт өткізу керек.

Ал 20 жылдан бері құсбегілікпен айналысатын Руслан Абылов құстарды жаттықтыру және аң аулау кезінде аспанда басқа құстардың, әсіресе көгершіндердің болмауын алдын ала біліп алу қажет дейді.

Жаттығу жұмыстары бүркіттің басынан жемді айналдырып, құстың дауысын салумен басталады. Жыртқыш құс иесінің дауысына қарай қозғалып, жоғары көтеріледі. Содан кейін жіптің екінші жағына байланған жемтікті алады.

Мұндай әдіс күніне бірнеше рет жасалады, ал жаттығулар күн сайын өткізіледі. Жаттығу аяқталған соң бүркітші құсқа сый ретінде балғын ет береді.

Орталық жаттықтырушыларының айтуынша, туристер Қазақстанның тарихына, мәдениеті мен дәстүріне қатты қызығады. Олар киіз үйде тұрып, ұлттық тағамдардың дәмін татып, жергілікті тұрғындардың бай мәдени мұрасымен танысуға құмар.

Толығырақ мына жерден оқуға болады.

Жаңалықтар
0