НҰР-СҰЛТАН, 26 қыркүйек – Sputnik. Ақтөбе облысында орамал таққан қыздардың төбелесінен кейін Темір аудандық білім бөлімінің басшысы қатаң сөгіс алды.
Ал осы оқиғадан соң жұмыстан кеткен Кеңқияқ, Шұбарши, Саркөл орта мектептерінің директорлары қызметтеріне қайта оралды, деп хабарлады "Астана" арнасы.
Облыстық білім басқармасының дерегінше, Темір аудандық білім бөлімінен жасақталған комиссия асығыс шешім қабылдаған.
"Облыстық білім басқармасы жалпы оқиғаның мән-жайын анықтау барысында бұл аталған директорларды орнынан босату негізсіз екендігін анықтады. Сондықтан да директорлар өз орнына қайта тағайындалды. Аудандық білім бөлімінің басшысына қатаң сөгіс жарияланды", - дейді Ақтөбе облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова.
Еске сала кетейік, 20 қыркүйек күні Кеңқияқ елді мекенінде жоғарғы сыныптың оқушы қыздары арасында төбелес болды. 8 сыныптағы қызды аямай сабап, оны таспаға түсіріп таратқан.
Оқи отырыңыз: "Қазпоштаның" Балқаштағы бөлімшесінде қыздар төбелесті – видео
Қазіргі кезде бұл оқиға бойынша "бұзақылық" бабымен қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр. Қыздардың шаш жұлысып, тепкілесуіне не себеп болғанын енді облыстық білім басқармасынан құрылған арнайы топ анықтамақшы.