АЛМАТЫ, 25 қыркүйек – Sputnik. Алматы облысының Қарасай аудандық сотында блок бекетте екі полицейдің өмірін қиған жол апатына қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі сот залынан.
Бүгін сотқа жол апатынан зардап шеккен үшінші полицей Ербұлан Сейдазым қатысты.

"Мен Алматы полиция департаментінде қызмет етемін. 18 наурыздан бастап қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында блок бекетте жұмыс істедім. 24 мамыр күні кешке жұмысқа түстім. Келесі күні таңертең апат болды. Апаттан бірнеше минут бұрын жұмыс планшетін жол полициясы қызметкерлеріне (қайтыс болған полицейлерге – Sputnik) беру үшін станцияға бардым. Көлікке жақындай бергенімде апат болды. Есімнен танып, бірнеше күннен кейін ауруханада ояндым. Сол кезде не болғанын түсіндім", - деді сот залында полиция қызметкері.
Ол бетон қоршаудың қалай тигені есінде жоқ екенін айтты.
Жәбірленуші тараптың адвокаты одан планшетті берген кезде қызметтік көліктің қай жағында тұрғанын сұрады.
"Жүргізуші жағында тұрдым. Бетон қоршаулар өте үлкен, олар ұшып кетуі мүмкін деп ойламаппын", - деді Сейдазым.
Полицей басынан жарақат алған, оған екі операция жасалған. Ол ауруханада бір ай жатты, қызметіне әлі оралмады.
Адвокаттың айыпталушыдан өтемақы талап етесіз бе деген сұрағына Сейдазым ойланамын деп жауап берді, себебі әлі де емделуі қажет.
Ол айыпталушы Азаматовпен таныс болмаған.
Апат куәгерлері: жедел жәрдем бір сағаттан соң келді
Сотта апат куәгері Фариза есімді тұрғын сөз сөйледі. Оның үйі апат болған маңда орналасқан. Ол күдіктіні көрген-көрмегені есінде жоқ екенін, алайда полиция қызметкерлерінің шолақ шалбар мен нәски киген толық ер адамды алып бара жатқанын көрген.
Сондай-ақ сотқа сол маңда тұратын Мария есімді тұрғын қатысты.
"Бұл қызметтік көлік әр кеш сайын блок бекетте тұрды. Апат болған жерден полиция қызметкерін көрдім. Қызметтік көліктің рөлінде қайтыс болған полицей отырды. Сол сәтте біреу оның қайтыс болғанын айтты. Сол жерде жұмыс істеп жатқан қызметкерлерге көмектесе бастадық. Полиция қызметкерлерінің бір адамды алып кетіп бара жатқанын көрдім. Оның үстінде тек қара шолақ шалбар мен нәски болды", - деді әйел.
Ол апат орнына жедел жәрдем бір сағаттан көп уақыттан кейін келгенін айтты.
Алматы блок бекетіндегі жол апаты
25 мамырда Көксай шағын ауданындағы №4 блок бекетте BMW көлігін тізгіндеген жүргізуші бетон қоршауына соғылған болатын.
BMW патрульдік көлікке қарай ұшып түскен, оның ішінде екі полиция қызметкері отырған.
Алматы полициясының тағы бір қызметкері – есірткімен күрес жөніндегі бөлім маманы Ербұлан Сейдазым ауыр жағдайда жансақтау бөліміне жеткізілді.
Сот талқылауы кезінде Азат Азаматов кінәсін толық мойындап, қаза тапқандардың туыстарынан кешірім сұрады.
Айыпталушы ештеңе есінде жоқ екенін жеткізді. Оның айтуынша, 24 мамырда оны Көксай ауылына кездесуге шақырған, көлікте сыра ішкен.
"Жол полициясында жұмыс істейтін үш әріптесіммен сыра іштім. Олар – менің бұрынғы әріптестерім. Менің есімде басқа ештеңе жоқ, есімді жисам, ауруханада жатырмын. Менің жол апатына кінәлі екенімді айтты. Оқиғаның қалай болғанын білмеймін", - деді Азаматов.
Сонымен қатар қаза тапқан полицейдің әйелі айыпталушыдан баласын кәмелет жасына жеткенше асырау үшін 36 миллион теңге талап етті.