Қоғам

Сенаторлар қашықтан оқытуға байланысты мектептерде қосымша сабақ енгізуді ұсынды

© Sputnik / Владислав ВодневПланшет с видеоконференцией, дистанционное обучение
Планшет с видеоконференцией, дистанционное обучение - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Депутаттардың пікірінше, қазіргі пандемия жағдайында Қазақстанда осы мәселенің өзектілігі арта түскен

НҰР-СҰЛТАН, 24 қыркүйек – Sputnik. Парламент сенатының бір тор депутаттары кибербулинг мәселесін көтеріп, үкімет басшысының атына сауал жолдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Сенатор Нариман Төреғалиевтің айтуынша, бүгінде қазақстандықтар "буллинг", "моббинг", "хейзинг", "кибермоббинг", "кибербуллинг" сияқты бұрын-соңды естімеген лексиконды жиі пайдалана бастады. Осы шетелдік терминдерді ағылшын тілінен аударғанда "әлеуметтік желі мен түрлі мессенджерлер арқылы адамды қорлау, қорқыту, қудалау мен мазақтау" деген мағынаны білдіреді.

"Бір сөзбен айтқанда, бұл – адамды интернетте, оның ішінде әлеуметтік желіде қорлау. Кибербуллингтің құрбаны кез келген адам болуы мүмкін. Алайда, зардап шеккендердің негізгі жасы 11-16 жас аралығындағы жасөспірімдер. Демек, еліміздегі жасөспірімдердің 12 пайызға жуығы осы кибербуллингің зардабын тартқандар", – деді Төреғалиев.

Қазіргі пандемия жағдайында осы мәселенің өзектілігі арта түсті. Себебі, балалардың басым бөлігі қашықтан білім алып жүр. Интернетте көп уақыт отырады. Осындайда кибербулингтің қаупі күшейе түседі. Ал тұзаққа түскен балалар көп жағдайда ешкімге ештеңе айтпайды.

Кибербуллингпен кімдер айналысады

"Кибербуллингпен көп жағдайда педофилдер мен психикалық ауытқулары бар адамдар айналысады. Олар жалған аккаунттар ашып, бүлдіршіндердің сеніміне кіріп, алғашында достық қарым-қатынас орната отырып жеке ақпараттарына қол жеткізеді. Сонан соң психологиялық манипуляция жасай отырып, ой-санасын улайды. Әдетте, мұндай қылмыстар, қарапайым виртуалды достық хат алмасулардан басталып, қорқытумен өз-өзіне қол жұмсауға дейін алып келеді", – деп атап көрсетті Төреғалиев.

Осы орайда сенатор халық ішінде "Көк кит", "Тыныш үй", "Қызыл жапалақ", "Мені сағат 04:20-да оят" және тағы басқа адам өміріне қауіпті ойындардың қазақ тілінде пайда бола бастағанына аладаушылықтың бар екенін жеткізді. Мысалы, Арыс қаласында "Вконтакте" әлеуметтік желісі және "Telegram" мессенджері арқылы балаларды суицидтік сипаттағы ойындарға тартқан бір адам анықталды.

"Бұл бағытта әлемде көптеген елдер, интернет-платформалардың қауіпсіздік деңгейін арттыру, заңнама бойынша жұмыс істеу және балаларды, олардың ата-аналарын кибербуллингтен қорғау мақсатында тиісті заңдарды қабылдауда. Мысалы, Германияда кибербуллинг ұйымдастырған азаматтар 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін", – деді Төреғалиев.

Оқи отырыңыз: Қашықтан оқыту қашан аяқталады – Аймағамбетов эксклюзивті сұқбат берді

Сенаторлар осы мәселенің маңыздылығын ескере отырып, бірқатар шараларды қолға алу қажеттігін жеткізді. Олар:

  • буллинг пен кибербуллингке тосқауыл қою үшін интернеттегі парақшалар мен мессенджерлердегі топтарға мониторингті күшейту;
  • мектептер мен оқу орындарында "Кибербуллингтың зардаптары" тақырыбындағы тәрбие сағаттарын өткізу;
  • арнайы мамандарды дайындау, мұғалімдер мен ата-аналарға түсіндірме жұмыстарын жүргізу;
  • информатика пәніне кибербуллингке қарсы қосымша сабақтар енгізу;
  • балалардың интернеттегі қауіпсіздігі мен қорғалуын қамтамасыз ететін ұлттық жоба әзірлеу;
  • буллинг үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейту.
Жаңалықтар
0