Саясат

Қазақстан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесіне төрағалық етеді

© Sputnik / Владислав ВодневАрхивтегі фото
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Қазақстан өз төрағалығы кезінде АӨСШК Даналар кеңесі мен АӨСШК қорын құруға, талдау орталықтарының форумын тұрақты жұмыс істейтін диалог алаңы ретінде қайта қалыптастыруға күш салады

НҰР-СҰЛТАН, 24 қыркүйек – Sputnik. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесіне (АӨСШК) мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы өтті. Алқалы жиын бейнеконференция форматында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

Кеңес кезінде АӨСШК төрағалығы Тәжікстаннан Қазақстанға табысталды. Осы орайда министр Мұхтар Тілеуберді Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1992 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 47 сессиясында алғаш рет жариялаған АӨСШК-ті құру туралы идеясын еске алды. Бұл бастама Азиядағы сенімділік пен қауіпсіздікті нығайту саласындағы ынтымақтастықтың жаңа форматын қалыптастыруға ықпал етті.

Оқи отырыңыз: Тоқаев Қазақстанның алдында тұрған басты міндетті атады 

Министрдің айтуынша, Қазақстан өз төрағалығы кезінде АӨСШК Даналар кеңесі мен АӨСШК қорын құруға, сондай-ақ, АӨСШК-тің талдау орталықтарының форумын тұрақты жұмыс істейтін диалог алаңы ретінде қайта қалыптастыруға күш салады. Осы бастамаларды 2019 жылы маусымда Душанбеде өткен саммитте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген. Бұдан бөлек,  басқа да аймақтық ұйымдармен сыртқы байланыстарды кеңейтуге басымдық беріледі.

Министрлердің кездесуінде АӨСШК Хатшылығының атқарушы директоры да сайланды. Бұл қызметке Қазақстанның Аустриядағы елшісі Қайрат Сарыбайдың кандидатурасы бірауыздан мақұлданды.

Айта кетейік, АӨСШК-тің негізгі мақсаты Азияда бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін тиімді және қолайлы құрылымды құруға бағытталған. Қазіргі кезде ұйымға 27 мемлекет кіреді. Бұдан бөлек, 8 мемлекет пен 5 халықаралық ұйым кеңестің жұмысына бақылаушы ретінде қатысады. АӨСШК хатшылығы Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан.

Жаңалықтар
0