Қоғам

Коронавирустың екінші толқыны басталса, 2,2 млн адам қиын жағдайда қалуы мүмкін

© Sputnik / Абзал КалиевКарантин в Нур-Султане
Карантин в Нур-Султане - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Министрлік 2 миллион адамның жұмыс уақыты қысқарады немесе ақылы/ақысыз демалысқа шығады деп болжайды

НҰР-СҰЛТАН, 24 қыркүйек – Sputnik. Коронавирустың екінші толқыны басталып, елде қатаң карантин жарияланса, 2 миллион 200 мың адам қолдауға мұқтаж болуы мүмкін. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Министр COVID-19 пандемиясы еңбек нарығына әлі де қатер төндіріп жатқанын атап өтті. Айтуынша, елде қатаң карантин енгізілсе, 2 миллионнан астам адам қиын жағдайда қалады.

"Егер коронавирустың екінші толқыны басталып, қатаң шектеу шаралары қабылданатын болса, біздің бағалауымыз бойынша, жұмыс істеп жүрген 2 миллион 200 мыңнан астам адам қолдауға мұқтаж болуы мүмкін", - деді Нұрымбетов мәжілісте өткен үкімет сағатында.

Оның түсіндіруінше, министрлік екінші толқын кезінде жұмыспен қамтылған халықтың жартысына жуығы немесе 4 миллион адам жұмыс режимін сақтап қалады деп болжайды. Негізінен, бұл ауыл шаруашылығы, құрылыс, өндіріс және денсаулық сақтау салалары. Ал 2,5 миллион адам қашықтан жұмыс істеу форматына ауысуы мүмкін.

"2 миллион адамның жұмыс уақыты қысқарады немесе ақылы/ақысыз демалысқа шығады деп болжанып отыр. Бұл бірінші кезекте сауда, көлік және тамақтану қызметі саласының жұмысшылары. Ал 162 мың азамат, біздің бағалауымыз бойынша жұмыссыз қалуы мүмкін", - деді министр.

Нұрымбетов ресми статистика бойынша екінші тоқсанда жұмыссыздық деңгейі 5%-ке дейін артқанын айтты.

"Дегенмен, жұмыспен уақытша қамтылмаған адамдар санының өсуін ескерсек, бұл қосымша 536 мың адам, белсенді жұмыспен қамтудан тыс қалғандар үлесі қазір 10,8 процентті құрайды. Яғни, шынайы жұмыссыздық десек те болады", - деді ол.

Оқи отырыңыз: Қыркүйек соңында карантин күшейе ме – бас санитар дәрігер жауабы

Пандемияға байланысты жұмыс уақытын пайдалану көрсеткіштері де төмендеген. Аптасына 36 сағаттан артық жұмыс істейтін қызметкерлердің саны 542 мыңға қысқарды. Жалпы алғанда, дағдарыс кезінде халық табысы күрт азайған жоқ, бірақ өсу қарқыны, өткен жылмен салыстырғанда, едәуір төмендеді, деп атап өтті ведомство басшысы.

Жаңалықтар
0