АЛМАТЫ, 23 қыркүйек – Sputnik. Сәрсенбіде Air Astana ұшағы бір сағат бойы Алматы аспанын айналып ұшты. Flightradar24 мәліметінше, әуе кемесі қаланы бірнеше рет айналған.
Әуе компаниясы бұл оқу-жаттығу екенін мәлімдеді.
"Алматы аспанын айналып ұшу кезінде аэродромдық дайындық жасалды, бұл жаңадан келген ұшқыштарға – курсанттар немесе ұшақтың басқа түрлерін басқарған ұшқыштарға арналған ұшу дайындығының бір бөлігі болып саналады", - деп түсіндірді Sputnik Қазақстанға Air Astana баспасөз қызметі.
Аэродромдық дайындыққа "конвейерден" ретті ұшу (қонғаннан кейін ұшу-қону жолағында тоқтамай), схема бойынша Алматы әуежайы аймағында айналып ұшу, кейін қонып, екінші айналымға кету кіреді.
"Жолаушыларға жақындауға қорықтым": бортсерік басынан кешкен жағдайды айтып берді
Кадеттің дайындық дәрежесіне қарай, әр ұшқыш күніне төрт сағаттан алты сағатқа дейін ұшады.
"Қазіргі таңда жаңа ұшқыштар көптеп келіп жатқанына байланысты мұндай оқу-жаттығу айына 2-4 мәрте өткізіледі", - деп атап өтті Air Astana.
Мамандар оқу-жаттығу тәжірибелі нұсқаушылардың басшылығымен өтетінін баса айтты. Сонымен бірге бортта жолаушылар мен бортсеріктер болмайды.