НҰР-СҰЛТАН, 23 қыркүйек – Sputnik. Еліміздің ғалымдары күнтізбеге қатысты жаңалық ашты, деп хабарлайды "Хабар 24".
Ғалымдар бір жылда 13 ай болуы керек деген пайым айтады. Бұл қаншалықты дұрыс? Осыны талқылауға ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері бас қосты. Жаңа күнтізбені ойлап тапқандар: академик ғалым Сайлыбай Бекболатов пен профессор Әділ Ахметов.
Айта кетейік, Сайлыбай Бекболатовтың күнтізбеге қатысты монографиясы жаһандық жаңалық ретінде батыс елдеріне кең таралып жатыр. Қос ғалым: "Қазіргі күнтізбе дұрыс емес", – дейді. Бір жылда 12 ай болмауы керек және әр айдың әртүрлі аяқталуы да қате деген ұстанымда.
"Мен бір-ақ мысал айтайын: БҰҰ 1923 жылдан бері Григорий күнтізбесін реформалау жөнінде Женевада өткен Ұлттар лигасында халықаралық комитет құрған болатын. Негізгі мақсаты хаос, жалған, негізі жоқ күнтізбені реформалау еді. Сол кезден бастап 400 жоба түскен", – дейді филология ғылымдарының докторы, профессор Әділ Ахметов.
"Мына Григорий күнтізбесі қате. Осының қатесін түзейік дедік. Айдың бәрі бірдей болу керек емес пе? Бір ай 28-інен, 29-ынан, 30-ынан, 31-інен аяқталады. 13 шоқжұлдыз болғаннан кейін соның жолымен жүру қажет. Бұл – табиғаттың заңы. Сондықтан бір жылда 13 ай болады деп есептедік", – дейді ғалым Сайлыбай Бекболатов.