АЛМАТЫ, 22 қыркүйек – Sputnik. 26 қыркүйектен бастап Нұр-Сұлтан – Мәскеу (Домодедово) бағыты бойынша әуе рейстері қайта жанданады. Қазақстандық Air Astana әуе компаниясының баспасөз қызметі жолаушылардың Boeing 767 әуе лайнері арқылы ұшатынын хабарлады.
Әуе компаниясының ресми хабарламасына сәйкес, алғашқы ұшақ сенбіде ұшады, ал кейінгі рейстер тек сәрсенбіде орындалады. Билет құны екі жаққа 91 800 теңгеден басталады.
Компания рейсті тек Ресей мен Қазақстан азаматтары, сондай-ақ Қазақстанда тұруға ықтиярхаты бар адамдар ғана пайдалана алатынын атап өтті.
Оқи отырыңыз: Польша Қазақстанмен әуе қатынасын қайта қалпына келтіретін болды
Әуе компаниясының мәліметінше, Ресейге барған шетел азаматтары ұшудан 72 сағат бұрын ПТР-тест тапсыруы қажет.
Ресейліктер келген кезде сауалнама толтырып, келген сәттен бастап үш күн ішінде тест тапсыруы керек. Ресей астанасы арқылы үшінші елге транзитке уақытша тыйым салынған.
Билеттерді Air Astana ресми сайтынан алуға болады.
Айта кетейік, қазір Қазақстан үшін кейбір елмен тұрақты рейстер, сондай-ақ эвакуациялық рейстер ашылды.
Тұрақты халықаралық рейстер
21 қыркүйектегі жағдай бойынша Қазақстан тікелей әуе қатынасын қайта бастаған елдердің тізіміне Беларусь, Германия, Египет (чартерлік рейстер), Қырғызстан, Нидерланды, БАӘ, Ресей, Түркия, Өзбекстан, Оңтүстік Корея кіреді.
Украинаға тұрақты рейстер аптасына екі рет орындалады, бірақ қазақстандықтарға кіруге шектеу қойылған.