НҰР-СҰЛТАН, 22 қыркүйек – Sputnik. Сот орындаушылар елордада алимент бойынша борышкердің жол талғамайтын көлігін тәркіледі, деп хабарлады жеке сот орындаушылар өңірлік палатасының баспасөз қызметі.
А.есімді азаматтың алиментке жалпы қарызы 7 миллион 450 мың теңгеге жеткен – ол 2019 жылдан бері жинақталып қалған.
2020 жылы шыққан Toyota Land Cruiser Prado көлігі куәгерлердің, полиция қызметкерлері мен Нұр-Сұлтан қаласының жеке сот орындаушысының қатысуымен тәркіленді.
Оқи отырыңыз: Бекетаев алимент өндіру кезінде болған қызықты оқиғаны айтып берді
Борышкер автокөлік тәркіленгенге дейін сот орындаушысына жұмыс орнынан анықтама ұсынып, 40 мың теңге жалақы алатынын хабарлаған.
"Біз логикалық сұрақ қоямыз: 40 мың теңге табыспен (бұл ең төменгі жалақыдан да аз!) 2020 жылы шыққан Toyota Land Cruiser Prado-ны қалай сатып алуға болады? Солай бола тұра өз балаңа неге алимент төлемейсің? Айта кетейік, мұндай автокөліктің нарықтағы құны 28 миллион теңгеден асады", - дейді өңірлік палата басшысының орынбасары Мәдина Жанасаева.
Toyota Land Cruiser Prado автокөлігі айып тұрағына қойылды, алдағы уақытта көліктің құны анықталып, аукционға шығарылады.
"Осылайша борышкер бірінші кезекте өз баласының алдындағы қарызын төлей алады. Мұндай жағдайларды болдырмау үшін қарыз бен алиментті уақытында төлеңіздер", - деп түйіндеді Мәдина Жанасаева.