АЛМАТЫ, 18 қыркүйек – Sputnik. Қазақстанның мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова Қаскелең қаласында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының қызметкері мен қала тұрғындарының арасында болған оқиғаға түсініктеме берді.
17 қыркүйекте азаматтарға дөрекі сөйлеп, темекі тұқылын лақтырған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бас маманы Ермек Нәбиевтің әрекеті әлеуметтік желіде талқыланды. Оқиғаның видеосы Instagram желісінде echo_tdk парақшасында жарияланды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Видеоны жариялаған азаматтың айтуынша, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының қызметкері Қаскелеңге пәтерлерге қазандық орнату мәселесі бойынша қала тұрғындарымен кездесу үшін барған.
Оқи отырыңыз: Астанада мемлекеттік қызметтегі басшы дауыс көтеріп, балағат сөздер айтқан
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің басшысы ведомствоның бұл оқиға жайлы хабардар екенін, жағдайдың қаралып жатқанын мәлімдеді.
"Темекі тұқылын жерге тастаған шенеунік жайлы білемін. Мемлекеттік қызмет саласындағы департамент бұл мәселемен айналысып жатыр. Бізге бұл ақпарат бүгін келді", - деп атап өтті агенттік басшысы.
Бұған дейін Қарасай аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әсет Нұрекенов тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Ермек Нәбиев түсініктеме жазғанын хабарлады. Сонымен қатар этикалық нормалар бойынша қызметтік тексеру ұйымдастырылатынын айтты. Полиция темекіні тыйым салынған жерде тартқаны үшін шенеунікке айыппұл салды.