НҰР-СҰЛТАН, 18 қыркүйек – Sputnik. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі астаналық шенеуніктің парамен ұсталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ресми мәліметке сәйкес, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс жасау күдігі бойынша Нұр-Сұлтан қаласы құрылыс басқармасы бөлім басшысының міндетін атқарушыға қатысты сотқа дейінгі тергеу шараларын бастады.
"Ол орындалған жұмыстар актісіне қол қойғаны үшін фирма басшысынан 1,4 млн теңге көлемінде пара алу күдігіне ілінді. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда", - дейді тергеуші Данияр Биғайдаров.
Еске сала кетсек, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облысы әкімінің орынбасары ұсталғанын хабарлаған болатын.