АЛМАТЫ, 18 қыркүйек – Sputnik. Алдағы үш күнде Қазақстандағы ауа райына антициклон әсер етеді, деп хабарлайды Қазгидромет синоптиктері.
"19-21 қыркүйекте антициклонның келуімен жауын-шашын біртіндеп тоқтап, температура жоғарылайды деп болжанды. Қазақстанның батысына Мәскеу жақтан келетін циклон әсер етеді. Соның нәтижесінде жаңбыр жауып, кей жерде қатты найзағай ойнайды. Екпінді жел мен дауыл болып, бұршақ жаууы мүмкін", – делінген хабарламада.
Күзгі ауа райы қандай болады?
Синоптиктердің хабарлауынша, айдың бірінші жартысында Қазақстанның басым бөлігінде үсік жүреді. Ал ай соңына қарай оңтүстік өңірлерде үсік болады.
Жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде нормаға жуық болады. Дегенмен, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Шығыс Қазақстан облысында, Қостанай облысының солтүстігінде, Алматы облысының оңтүстік-шығысында, Жамбыл және Түркістан облысының таулы аудандарында нормадан артық жауады. Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда облыстарында және Қарағанды облысының батысында жауын-шашын нормадан аз түседі.