Қоғам

Мемлекет арендалық баспана ақысын қалай төлейді?

© Sputnik / Абзал КалиевКлючи, иллюстративное фото
Ключи, иллюстративное фото - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Келесі жылдан бастап жарты миллионнан астам қазақстандықтың үй жалдауға кететін шығындары бюджет есебінен өтелуі мүмкін

НҰР-СҰЛТАН, 17 қыркүйек – Sputnik. Қазіргі жоспарға сәйкес, мемлекет аренда құнының 70-80 процентін өтейді. Осылайша, халық мемлекеттік бағдарламалар аясында салынатын арендалық баспананы күтіп, жалға алып отырған үйіне көп ақша шығармайды. Өз пәтеріне ақша жинай алады деп болжанып отыр. Sputnik Қазақстан тілшісі арендалық төлемді субсидиялау жүйесінің қалай іске асатынын зерделеп көрді. 

Тоқаевтың тапсырмасы

Биылғы жолдауда мемлекет басшысы арендалық төлемді субсидиялау тетігін енгізуді тапсырған болатын. Онымен әкімдіктің баспана кезегінде тұрған мыңдаған адам қамтылады деген жоспар бар. Бұл жүйені қолға алудың негізгі себебі қандай? Бүгінде жергілікті билік кезекте тұрған адамдар үшін арендалық баспана салады. Бірақ бюджеттік және сатып алу процедураларына көп уақыт кететіндіктен, арендалық үйлердің құрылысы баяу жүргізіледі. Соның салдарынан әкімдік кезегінде тұрған адамдар азаймай отыр. 

"Осы схемаға өзгеріс енгізетін кез келді. Енді, қаржыны тек құрылысқа ғана емес, арендалық төлемді субсидиялауға да бағыттау қажет. Бірінші жылы бұл көрсеткіш бірден 10 есеге өседі. Осылайша, 100 мыңнан астам отбасы нақты көмек алады", - деді Тоқаев парламент палаталарының бірлескен отырысында. 

Президенттің айтуынша, арендалық төлемді субсидиялау жұмысымен Отбасы банкі (қазіргі Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі - Sputnik) айналысады. Ал жаңа жүйенің талаптарын индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі әзірлейді. 

Арендалық төлемді субсидиялау қалай іске асады

Жақында индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов жаңа бастаманың негізгі талаптарын жариялады. Бірақ бұның барлығы әзірше жоба ғана. Оны әлі де талқылайды. Ал жылдың соңына дейін нақты шешім шығарылады деген жоспар бар. 

Министрдің айтуынша, қазіргі жоба бойынша арендалық төлемнің 70-80 проценті бюджет есебінен өтеледі. Жалға алынған баспанаға қатысты талап та болады. Атап айтқанда, арендалық үйдің ауданы 40-80 шаршы метр болуы шарт. Ал отбасының табысы әрбір мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінен, яғни, 32 668 теңгеден аспауы тиіс.

Демек, бір үйде төрт адам болса, барлығына есептегенде жалпы табыстың көлемі 130 668 теңгеден артық болмауы қажет. 

Әрине, бұның барлығы әлі де талқыға салынады. Дегенмен, қазірдің өзінде жаңа талаптарға кімнің сай келетінін есептеп көруге болады. 

Жалғызбасты анаға беріле ме

Біз астанада пәтер жалдап тұратын Баян Кәрімоваға хабарласып, арендалық пәтерге кететін шығындары туралы сұрап көрдік. Баян – жалғызбасты ана. Екі баланы өзі тәрбиелеп отыр. Әкімдіктің баспана кезегінде толық емес отбасы ретінде тіркелген. 

"Менің астанаға көшіп келгеніме 16 жыл болды. Содан бері пәтер жалдап келемін. Шыны керек, ақша жинау өте қиын. Себебі аренда қымбат. Мысалы, қазір мен бір бөлмелі үйді 95 мың теңгеге жалдаймын. Осы ақшаны 38 шаршы метр үшін төлейміз. Коммуналдық қызметтермен бірге 120 мың шығады", - деді Кәрімова Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұқбатында.

Оның айтуынша, арендалық төлемді субсидиялау тетігі енгізіліп, мемлекет есебінен жалға алу ақысының 70-80 проценті өтеліп отырса, үнемделген ақшаны жинауға мүмкіндік болады.

Дегенмен, Баян қазіргі талаптарға сәйкес келмейтін тәрізді. Өйткені үйдегі үш адамға есептегенде жалпы табыстың көлемі 98 004 теңгеден (3 x 32 668 теңге) аспауы тиіс. Қазіргі пәтеріне ол 120 мың теңге төлейді. Демек, оның табысы қазіргі талаптан жоғары.

Аренданың ақысы – 1 500 теңге

Бүгінде әкімдіктен берілетін арендалық баспананың саны көп емес. Дегенмен, оның төлемақысы өте тиімді болып тұр. Мысалы, астаналық Мирас (атын өзгертуді сұрады) мүгедек ретінде арендалық үй алған. Ауданы – 36 шаршы метр. Мирас әкімдік берген арендалық үйде ұлымен бірге тұрады. 

"Бізде арендалық төлемнің ақысы көп емес. Осы үйге айына небәрі 1 500 теңге төлейміз. Ал коммуналдық қызметтермен бірге санағанда 10 мың теңгедей шығады", - дейді Мирас.

Оның сөзіне қарағанда, жеке өз үйіңе ақша жинау қиындау. Себебі зейнетақының көлемі көп емес, шамамен, 80 мың теңге. Бүгінде азық-түлік қымбаттап кеткен. Оған қоса, ай сайын дәрі-дәрмек алып тұру қажет.

"Енді, ұлыма ақша жинауға болады. Бірақ ол маған қарайды. Ал кешке жұмыс істейді", - деп атап көрсетті Мирас.

Баспана кезегі бес жылда шешіле ме

Сонымен, бүгінде әкімдік кезегінде тұрған адамдардың барлығы бірдей арендалық төлемді субсидиялау талаптарына сай келмейтін тәрізді. Иә, оның орнына әкімдіктің арендалық баспанасын да күтуге болады. Дегенмен, президенттің өзі осы санаттағы үйлерді салуға біраз уақыт кететінін айтып отыр. Өйткені бюджет қаржысын бөлу және тендер өткізу процедуралары бар. Одан кейін құрылыс жұмыстарын ұйымдастыру қажет. Бұдан бөлек, тағы бір маңызды мәселені атап өткен жөн. Әкімдіктен берілетін арендалық баспананың құны арзан болғандықтан, сапасы сын көтермейді. 

"Мысалы, біз әкімдіктен арендалық үйді алғанда өз ақшамызға жөндеу жасап шықтық. Себебі ол пәтерде тұруға жағдай болмады. Тесіктерден жел саулап тұрғасын терезелерін де ауыстырдық. Жарты миллион теңгедей кетті. Еден қисық. Балконы қапталмаған. Әлі есіктерін ауыстыру қажет", - дейді жалға алушылар.

Жаңа жылға дейін арендалық төлемді субсидиялау талаптары тағы өзгеретін шығар. Сонда әкімдік кезегінде тұрғандар өздеріне ыңғайлы әрі жылы үйді таңдап, төлемақының бір бөлігін мемлекеттің есебінен өте алады. 

Негізі, бүгінде баспана кезегінде тұрған адамдар аз емес. Ресми мәліметке сәйкес, республика бойынша 530 мыңнан астам адам әкімдікте тіркеліп, баспана жағынан көмек күтіп жүр. Ал президенттің "алғашқы жылы бірден 100 мыңнан астам отбасыға нақты көмек беріледі" деген сөзі орындалса, қазіргі баспана кезегін бес-ақ жылдың ішінде шешіп тастауға болатын сияқты.

Жаңалықтар
0