Ол "Атлантикалық табандылық" (Atlantic Resolve) оқу-жаттығуларына қатысады. Ресей ӘҒК стратегиялық авиация мен әуе барлаушыларының ұшулары жиі орындалып жатқанын анықтауда, деп жазады РИА Новости.
Бірнеше ондаған Abrams танкілері, соғысқа арналған Bradley жаяу әскер машинасы, броньдалған жол талғамайтын көліктер – Пабрадедегі полигонда бүтіндей шағын әскер орналасса, осыған дейін америкалықтар Литваға Apache және Black Hawk тікұшақтарын жіберген болатын.
Балтық жағалауы республикасының билігі мұны америкалықтар Литва әскерилерімен бірге бірлескен оқу-жаттығу тапсырмаларын орындап жатыр деп түсіндірді. Маневрлер жоспарланған және олар үшінші елдерге қарсы бағытталмаған. Айта кету керек, Вильнюс америкалықтардан литвалық полигондарда мүмкіндігінше жиі оқу-жаттығулар өткізуді сұрап отыр, ал теңіздің арғы бетіндегі одақтастардың жайлы орналасуын қамтамасыз ету көптен бері үкіметтің басымды міндеттерінің біріне айналды.
"Америкалық әскерді ротациялауға бағытталған "Атантикалық табандылық" бағдарламасы Ақ үйдің алдыңғы иесінің кезінде басталған болатын. Беларусьтегі оқиғаларға еш байланысы жоқ. Бірақ, коронавирус пандемиясына қарамастан, америкалық әскерилер ротация кестесін қатаң сақтап, жоспарлы маневрлерді кейінге қалдырмай отыр", - дейді "Валдай" аналитикалық клубының әскери сарапшысы Артем Куреев.
Еске салсақ, АҚШ-тағы "Атлантикалық табандылық" операциясы 2014 жылы Қырым мен Ресей біріккеннен кейін артынша құрылған болатын. "Ресей агрессиясы" деген сылтаумен америкалықтар Еуропаның түрлі елдеріне өз әскерлерін орналастырып, олардың санын уақыт өткен сайын арттырып жатыр.
Күдікті белсенділік
Сарапшылардың бағалауынша, 2014 жылдан бастап НАТО ресейлік шекаралардың маңындағы әскери белсенділікті екі есе арттырған. Ал Ресейдің қорғаныс министрі Сергей Шойгу Солтүстік атлантикалық альянс сұрапыл соғыс кезіндегі қарсыластыққа қайта оралуға ұмтылып жатқанын айтты.
"Балтық жағалауындағы НАТО тобы азаймайтыны анық, - дейді Куреев. – Бұл елдердің элиталары үшін АҚШ-пен ынтымақтастық орнату аса қажет. Осы арқылы олар электоратқа экономикадағы құлдырау мен порттар жүктемесінің төмендігіне кінәлі ететін "ресейлік қауіптен" қорғануды паш ете алады".
АҚШ әскери күштерінің Еуропадағы тұрақты қозғалысы үйреншікті жағдайға айналды. Пентагонның Шығыс Еуропадағы ең үлкен плацдармы Польшада орналасқан. Қазір мұнда төрт жарым мың әскери қызметші бар. Жақын арада тағы мың әскери жіберіледі.
Вашингтон мен Варшава кеңейтілген әскери ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Құжатқа сәйкес, Польшада АҚШ Қарулы Күштерінің командалық-штабтық құрылымы жетілдіріліп, әскери дайындық орталықтары құрылады және әскери, көлік авиациясы бөлімшелері мен арнайы операциялар күштерін орналастыру үшін қолайлы жағдайлар жасалады.
Алайда, АҚШ 1997 жылғы НАТО – Ресей негізгі актісінің шығыс шекараларында ауқымды әскери күштерді тұрақты негізде орналастыруға тыйым салатын тармағын елемей отыр.
Ресейді "қорқыту" үшін Еуропаға ондаған ұшақ пен тікұшақ жіберілді. Осылайша, Польшада F-16 жойғыштары мен С-17 Hercules көлік ұшақтары орналастырылды. Литваға Балтық елдері пен Балтық теңізінің акваториясын әуеден патрульдеу мақсатында қайта-қайта жойғыштар жіберілуде. Сол сияқты, одақтастардың аэродромдарына Пентагон F-35 Lightning пен F-22 Raptor бесінші буын аппараттарын бағыттауда. Польшада да MQ-9 Reaper барлау-соққы жасаушы ұшқышсыз ұшу аппараттарының эскадрильясы құрылды.
Күш сынау ойыны
Еуропада АҚШ-тың стратегиялық авиациясы да белсенді. Тамыздың соңында үш B-52N бомбалаушы ұшақтары Калининград облысында қанатты зымырандарымен соққы жасауды пысықтады. Стратегиялық ұшақтар британдық Фэрфорд авиа базасынан әуеге көтеріліп, Нидерланды, Германия, Польша үстінен өтіп, Эстонияның Тапа полигонының аумағы арқылы Ресейдегі нысандарға шартты соққылар жасады.
Куреевтың айтуынша, Қытайға қарағанда, Ресей мұндай "өз территориясында соққы жасау әрекеттерін пысықтауларға" әлдеқайда сабырмен қарап келеді.
"Қытай мұндай әрекеттерге бірден ашуланып, өзінің әскери қуаттылығын паш етуге тырысады", - дейді сарапшы.
Құрама Штаттары су кеңістігін де назардан тыс қалдырмады. Олардың кемелері Қара теңіздің жиі қонағына айналғанымен қатар, жаздың соңында Норвегияға USS Seawolf атомдық суасты қайығы жіберілді. Мамырда америкалық флот отыз жылдан кейін алғаш рет Баренц теңізіне кіре алды.
Мұның барлығы альянстың Сотүстіктегі әскери әлеуетін арттыруға деген талпынысының ғана емес, Ресей ӘТК мен Солтүстік флоттың қуаты өскенінің дәлелі бола алады. Себебі, сұрапыл соғыс аяқталғаннан кейін және КСРО тараған соң АҚШ ресейлік флотты тең қарсылас ретінде санамады. Ал, қазір онымен санасуға тура келіп отыр.