Қоғам

Заңгер бас санитар дәрігердің қаулысын неге заңсыз деп есептейтінін түсіндірді

© Sputnik / Владислав ВодневНабережная. Нур-Султан.
Набережная. Нур-Султан. - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Конституция бойынша азаматтардың құқығы заңмен ғана шектеледі, деп есептейді заңгер Жангелді Сүлейманов

НҰР-СҰЛТАН, 16 қыркүйек — Sputnik, Айгюзел Қадыр. Қазақстандықтар санитарлық дәрігерлердің шектеу шаралары туралы қаулысының заңдылығын талқылап жатыр. Саясаттанушы Марат Шибұтов мұндай құжат нормативтік-құқықтық актілер болып саналмайтынын мәлімдеді. Sputnik Қазақстан тілшісі осы туралы заңгердің пікірін білу үшін Жангелді Сүлеймановқа хабарласты, ол алты ай бойы санитарлық дәрігерлер шығарған қаулылардың заңсыздығы туралы айтып келеді.

Шибұтов өзінің Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында тауарлар мен қызмет түрлерінің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау жөніндегі комитеттің бұл мәселе төңірегінде берген жауабын жариялаған, онда санитарлық дәрігердің қаулысы әділет органдарында мемлекеттік тіркеуден өтпегені атап көрсетілген.

"Біз осы уақыт ішінде не нәрсеге бағындық? Бізге айыпұлдар қандай негізде салынды? Бұл мәселені одан әрі зерттейтін боламын, тағы да Бас прокуратураға жүгінемін, Әділет министрлігінен 28 қыркүйекте жауап келуі тиіс", - деп жазды Шибұтов.

Санитар дәрігерлер нормативтік-құқықтық актіні бекіте алмайды

Санитар дәрігерлер нормативтік-құқықтық актілерге қол қоя алмайды, себебі заң бойынша оларда ондай өкілеттілік жоқ, дейді заңгер Жангелді Сүлейманов.

"Ең қызығы, мұны санитар дәрігерлердің өзі де мойындайды. Олар әу бастан өздері шығарған қаулылардың нормативтік-құқықтық акті болып саналмайтынын айтты", - деді Сүлейманов.

Халықтың денсаулығы туралы кодекс бойынша санитарлық дәргерлер белгілі бір тексеріс субъектісіне қатысты ғана қаулыға қол қоя алады, деп толықтырды ол.

"Асханаға қатысты қаулыны алайық. Болмаса мектеп, сауна, монша тексеріледі. Мұндай қаулыда нақты жүргізілетін шаралар көрсетіледі. Мәселен, кәріз жүйесін тазарту, санитайзер қою. Болды, бұдан басқа санитар дәрігерлерде ешқандай құқық жоқ. Заң оларға өзге қаулы шығаруға құқық бермейді", - деді заңгер.

"Конституция бойынша құқық тек заңмен шектеледі"

Санитар дәрігер заң бойынша бетперде тағуға немесе белгілі бір қызмет түріне, көлік жүргізуге шектеу қоюға қатысты құқықтар мен міндеттемелерді айқындай алмайды, деді Жангелді Сүлейманов.

"Біз бұл туралы алты ай бойы айтып келеміз. Бұл сөзсіз, заңсыз қаулы. Ең алғашқы қаулы наурыз айында болды, оны сол кездегі бас санитар дәрігер Жандарбек Бекшин шығарды. Одан кейін сәуір айында қаулы шығарылды. Мен бұл жөнінде көп рет жаздым, сотқа арыздандым, кейін, қателеспесем, 6 мамырда денсаулық сақтау министрінің бұйрығы шықты. Бұйрық қаулыға қарағанда заңды. Бірақ мен бұл бұйрыққа да қарсы болдым, себебі азаматтардың құқығы Конституция бойынша заңмен ғана шектеледі.  Ал заңды парламент қабылдайды және оған президент қол қояды", - деп түсіндірді ол.

Тек жақында ғана денсаулық сақтау министрлігі карантин және шектеу шараларының көңілге қонымды ережелерін әзірлеу қажеттігі туралы ойлана бастады, деді бұл орайда Сүлейманов.

"Демек, бұл денсаулық сақтау министрлігі құқықтық шеңберден тыс әрекет етіп жатқанын мойындап отыр деген сөз", -  деді заңгер.

425-бап бойынша жазалау заңды ма

Санитар дәрігердің шығарған қаулысына сүйене отырып, Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Кодекстің 425-бабы бойынша жазалау да заңсыз, деп есептейді Сүлейманов.

 "425-бап қандай бап? Ол Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодекстің бабы. Онда "санитарлық ережелерді бұзу" жөнінде жазылмаған. Яғни, ӘҚБтК 425-бабында қандай да бір заңбұзушылықтар туралы көрсетілмеген. Баптың өзі бетперде киюді реттемейді. Сондықтан басқа құжаттарға сілтеме жасау керек. Барлығы заңсыздыққа келіп тіреліп тұр",  - деп жалғастырды сөзін ол.                                        

Айтуынша, алғашқы төрт айда бетперде киюге қатысты дұрыс рәсімделген ешқандай талап болмаған.

"Бірақ соттар айыппұл салып жатты. Одан кейін жаңа министр Цой (Алексей Цой - Денсаулық сақтау министрі) бұйрық шығарды. Ол бұйрықты да мен  заңсыз деп есептеймін. Бірақ, айыппұлды "заңды" түрде сала бастады",  - деп атап өтті заңгер.

Қазақстандықтар сотқа бере алады, бірақ өз сөзінің дұрыстығын дәлелдей алмауы мүмкін, деп есептейді ол.

"Мен санитар дәрігерлердің шығарған қаулысын жоюға қатысты сотқа төрт рет арыз жаздым. Бірақ сот менің құқығым бұзылмаған немесе санитар дәрігердің тұрғылықты мекенжайы көрсетілмеген деген желеумен шағымдарды кері қайтарды. Яғни, соттар мұндай арыздарды қабылдамайды және қарастырмайды",  - деді өз тәжірибесімен бөліскен Сүлейманов.

Оның пікірінше, нормативтік-құқықтық актілерді бекіту өкілеттілігі санитар дәрігерлерде төтенше жағдай режимі кезінде де болмаған.

"Төтенше жағдай режимі заңның қолданылуын жоққа шығармайды. Президент санитар дәрігерлерге ерекше өкілеттік беретінін айтты, бірақ ешқандай өзгерістер енгізілмеді. Заң, өкінішке қарай, ұмытылды. Мен әрдайым санитарл дәрігерлер вирусқа қарсы күресте өздерінің біліксіздігін заңсыз шектеулермен өтеуге тырысқанын айтып келемін", - деп қорытындылады заңгер. 

Sputnik Қазақстан санитар дәрігерлер шығарған қаулылардың мәртебесі туралы түсініктеме алу үшін әділет министрлігіне жүгінді.

Карантинде салынған айыппұл

Еске сала кетейік, коронавирустық инфекцияның таралуына байланысты Қазақстанда шектеу шаралары енгізілді. Санитар дәрігерлер әлеуметтік арақашықтық, бетперде кию режимін сақтау, бизнес нысандарында тұрақты түрде дезинфекция жүргізу туралы ұйғарымға келді. 

Бетперде кию режимі мен карантин шараларын сақтамағаны үшін қазақстандықтарға Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 425-бабы бойынша айыппұл салынады. Жеке тұлғаларға салынатын айыппұл 30 айлық есептік көрсеткішті (83 мың теңгеден астам), ал заңды тұлғалар үшін 230 АЕК (шамамен 640 мың теңге) құрайды.

Бұған дейін "Атамекен" ҰКП мұндай айыппұлдар қазақстандықтар және бизнес үшін тым көп екенін мәлімедеген болатын.

Санитар дәрігерлердің өкілеттіктері

Мамыр айының басында денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанның бас санитар дәрігеріне қосымша өкілеттіктердің берілетінін мәлімдеген еді.

"Бас санитар дәрігер өзінің қаулысымен елдің барлық аумағына шектеу шараларын енгізіп, оны сәйкесінше алып тастай алады", - деген болатын ведомствода.

Бұл ретте, нормативтік-құқықтық акт мемлекеттік тіркеуден өтпейді.

"Бүгінгі таңда өзгерістер аптасына бір рет енгізілетіндіктен, ал тіркеу рәсімі өте ұзақ уақыт алатын процесс болғандықтан, бұл белгілі бір деңгейде қиындық туғызып отыр", - деп нақтылады денсаулық сақтау министрлігі.

Жаңалықтар
0