АЛМАТЫ, 16 қыркүйек – Sputnik. Қаскелең қаласында полицейлер 25 метрлік көпірден секірмек болған ер адамды құтқарып қалды, деп хабарлайды Polisia.kz порталы.
Оқиға 14 қыркүйекте болған. Қаланы кешкі патрульдеу кезінде Қарасай аудандық полиция басқармасы патрульдік полиция ротасы командирінің орынбасары мен ППР қызметінің инспекторлары көпірдің қоршау бағанынан өтіп кеткен ер адамды байқаған.
"Полицейлерді көрген азамат көпірден секіретінін айғайлап айтып, олардың жақын келмеуін талап еткен. Жағдайды ушықтырып алмау үшін тәртіп сақшылары оған жақындамаған", – делінген ақпаратта.
Полицейлердің айтуынша, ер адам түсініксіз күйде болған. Кейіннен оның сол сәтте ішімдік пен есірткіге масаң күйде болғаны анықталды.
"Ер адамның жеке тұлғасы анықталғаннан кейін полиция оның әпкесіне хабарласып, оқиға орнына шақырды. Туысқаны жанына келіп, құшақтаған сәтте полиция ер адамды қауіпсіз жерге шығарып алды", – дейді тәртіп сақшылары.
Ер адам бірден сауықтыру үшін арнайы орталыққа жіберілді.
Оқи отырыңыз: Атырауда әйел бес жасар баламен бірге көпірден секірмек болды
Айта кетейік, 11 қыркүйекте Атырауда полиция суицид жасамақ болған бойжеткенді құтқарып қалды. Қыз түнгі үште Атыраудағы "балықшы-жұмыскер" автокөлік көпірінен секірмек болды. Кейіннен оның 20 жастағы құрбысымен ренжісіп қалғаны анықталды.