НҰР-СҰЛТАН, 16 қыркүйек – Sputnik. Сенаторлар жазда дәрі іздеп сабылған жұрттың ашуын тудырған "СҚ Фармацияның" дәрі-дәрмек қорын тексерді.
Депутаттарға түрлі препараттар, медициналық қажетті құралдар толы қораптар көрсетілді. Ал дәрі алу үшін ұзын-сонар кезекке тұрғандар мәртебелі меймандарды көріп ұлардай шулады, деп хабарлады КТК.
Тегін препарат тұрмақ, жеңілдіктен айырылдық, дейді олар.
"СҚ Фармация" компаниясы "барлық дәріні емханаларға бердік, емханадан алыңдар" дейді. Ал емхана сатып алыңыз деп жібереді. Құрметті депутаттар, әлеуметтік қорғау министрлігі халықтың мұң-мұқтажына құлақ асыңыздар. Барлық жағынан мүгедектерге қашан жеңілдік, жағдай жасалады? Шынын айтқанда, мүгедектер арбасының өзі сатылады. Бәрі сатылып жатыр. Неге олай? Бұған кім жауап береді?", - деді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Бақытжан Нұрғозова.
Ешкімге ескертпей дәріханаларға бас сұққан сенаторлар қала тұрғыны мұндай шу шығарады деп ойламаған болар. Бір жағынан, жаздағы дәрі-дәрмек дүрбелеңі олардың есінде қалғанға ұқсайды. Дәріханаларда дәрі әзірге жеткілікті. Шенеуніктер алда болжанып отырған коронавирустың екінші толқынында да тапшылық болмайды деп сендіреді.
Оқи отырыңыз: "СК-Фармацияның" бұрынғы басшысы ұсталды
Қазір елімізде екі айлық дәрінің қоры бар екен. Дәрі мәселесінен бөлек, халық жаппай ауырғанда жасанды тыныс алдыру аппараты жетпеді. Енді Қазақстан өзінің қондырғысын шығаруға көшті. Түріктердің құралдарын жинайтын біздің мамандар қазан айына дейін 1500 аппаратты 300-дей ауруханаға жібермек.
"Бізге 1500 дана аппарат шығаруға тапсырыс берілді. Бүгінгі күні 750 комплект аппарат дайындалып, ертеңнен бастап ауруханаларға жеткізіледі. Бір аппараттың құны – 8 миллион 900 мың теңге. Зауытымыз осы аптадан бастап үш ауысымдық жұмысқа көшті", - деп атап өтті индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Талғат Жанжүменов.