АЛМАТЫ, 16 қыркүйек – Sputnik. Қазақстан 2020 жылдың 12-16 қазаны аралығында Беларусь Республикасының аумағында өтетін "Мызғымас бауырластық" оқу-жаттығуына қатысады, деп хабарлады Sputnik Қазақстан ақпарат агенттігіне қорғаныс министрлігі ақпарат және коммуникациялар департаментінің өкілі майор Ғани Нүсіпов.
"Бұл оқу-жаттығулардың Беларусь еліндегі ішкі саяси жағдаймен еш байланысы жоқ. "Мызғымас бауырластық" оқу-жаттығуы 2012 жылдан бастап жыл сайын өткізіліп келеді. Шара ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының ұжымдық бітімгершілік күштері негізінде өткізіледі", - деп түсіндірді Нүсіпов.
2020 жылы Қазақстан атынан оқу-жаттығуларға жедел топтың құрамында бақылаушы ретінде бірнеше адам қатысады. Олар бітімгершілік операцияларды ұйымдастырудың тәжірибесі мен ерекшеліктерін зерттейтін болады.
2020 жылы оқу-жаттығуды Беларусь Республикасының аумағында өткізу Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарын басқару органдары мен құралымдарын 2025 жылға дейінгі кезеңге бірлескен даярлау іс-шараларының негізінде жүзеге асады. Бұл Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы қорғаныс министрлері кеңесі мен қауіпсіздік кеңестері хатшылары комитетінің 2018 жылдың 8 қарашасындағы шешімімен бекітілген.
Оқи отырыңыз: Маңғыстау облысында ірі ауқымды әскери оқу-жаттығу өтті
Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында Беларусь елінде Қазақстан, Ресей, Армения, Қырғызстан және Тәжікстаннан барған әскери қызметшілердің әскери оқу-жаттығулары өтетіні туралы ақпарат пайда болған еді.