НҰР-СҰЛТАН, 15 қыркүйек – Sputnik. Qnet компаниясының өкілдеріне қатысты "Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету" бабы бойынша 20 қылмыстық іс тергеліп жатыр. Бұл туралы ішкі істер министрлігі тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, Qnet компаниясының бас кеңсесі Малайзияда орналасқан. Адамдар түрлі зергерлік бұйымдарды сату арқылы желілік маркетингке тартылады. Бастапқы жарна – 30 доллар.
"Қазіргі таңда азаматтардан 211 арыз-шағым түсті. Жалпы республика бойынша 29 қылмыстық іс тергеліп жатыр. Қазір Алматы облысы полиция департаментінің тергеу басқармасы 217-бап бойынша ("Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету" бабы – Sputnik) Qnet компаниясының өкілдеріне қатысты 20 қылмыстық істі тергеп жатырмыз", - деді Әділов онлайн брифингте.
Ол қаржы пирамидасынан 220 адам зардап шеккенін атап өтті. Материалдық шығын мөлшері 160 миллион теңгені құрап отыр.
Қазір жедел тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Малайзияға халықаралық тергеу тапсырмасы жолданған.
Министрлік қаржы пирамидаларына қатысты істерді тергеу барысы туралы қосымша ақпарат беруге уәде етті.