НҰР-СҰЛТАН, 15 қыркүйек — Sputnik. Біріккен ұлттар ұйымы мен Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының бас хатшылары Антониу Гутерреш пен Станислав Зась терроризм мен халықаралық қылмыспен күрес, текетірестердің алдын алу және олардың түйінін шешу бағытындағы ынтымақтастықты арттыру туралы келісімге келді. Бұл туралы бірлескен мәлімдемеде айтылған.
Ынтымақтастықты нығайту
Халықаралық қауымдастық Біріккен Ұлттар Ұйымының 75-жылдығын атап өтіп жатқан кезде, бас хатшылар Бірлескен декларацияны әрі қарай іске асыруға дайын екенін байқатты.
"Сондай-ақ, барлық деңгейде, cоның ішінде текетірестердің алдын алу және түйінін тарқату, бітімгершілік, терроризмге қарсы күрес және оның алдын алу, халықаралық қылмыспен және заңсыз қару-жарақ сатумен күрес, апаттарға дайын болу және оларға ден қою, ақпараттар алмасу сынды түйінді салалардағы ынтымақтастықтың ауқымын одан әрі кеңейтуге деген ынта-ниетін көрсетті" - , делінген Гуттериш пен Зась қол қойған құжатта.
БҰҰ мен ҰҚШҰ ынтымақтастығына 10 жыл
Мәлімдемеде хабарланғандай, бас хатшылар ынтымақтастық туралы бірлескен декларацияға қол қойған 10 жылдың ішінде екі ұйым хатшылықтарының әріптестігін нығайтуда оң қарқын мен тұрақты өсімге қол жеткізілді.
Олар БҰҰ жарғысы халықаралық құқықтың ұстанымдарына сәйкес, жаhандық және өңірлік бейбітшілік пен қауіпсіздік ісін алға жылжыту бағытында ынтымақтастықтың маңызы орасан екеніне айрықша тоқталған.
"2010 жылдың наурыз айында Бірлескен декларацияға қол қойылған сәттен бастап, екі ұйым арасындағы ынтымақтастықты Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы хатшылығы мен контртеррористік комитеттің атқарушы директораты, БҰҰ-ның есірткі мен қылмыс жөніндегі басқармасы, босқындар ісі жөніндегі БҰҰ-ның жоғарғы комиссарының басқармасы және бейбітшілікті қолдау жөніндегі операциялар департаменті сияқты БҰҰ құрылымдарының ынтымақтастық туралы хаттамалары мен өзара түсіністік туралы меморандумдары одан әрі нығайта түсті", - делінген құжатта.
ҰҚШҰ тарихы
1992 жылдың 15 мамырында Ташкентте (Өзбекстан) Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қол қойылды.
2002 жылға дейін бұл Шарт әскери-саяси саладағы тығыз ынтымақтастық пен өзара түсіністікті нығайтуда маңызды рөл атқарған өңірлік келісім ретінде белгілі болды.
2002 жылдың 14 мамырында Мәскеуде Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа халықаралық өңірлік ұйым мәртебесін беру туралы шешімге келеді. 2002 жылдың 7 қазанында ҰҚШҰ жарғысы бекітілді. 2003 жылдың желтоқсан айында ҰҚШҰ жарғысы БҰҰ Хатшылығында тіркелді. Ал 2004 жылы ұйым БҰҰ Бас Ассамблеясында байқаушы мәртебесіне ие болды.
ҰҚШҰ-ның жоғарғы органы - Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі (ҰҚК) және ұйымға мүше мемлекеттердің басшыларынан тұрады.
ҰҚШҰ-ға Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан кіреді.