Қоғам

Қарағанды әкімінің орынбасары ұсталды

© Sputnik / Владислав ВодневПортфель, шенеунік
Портфель, шенеунік - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Шалабеков екі айға қамауға алынды, шенеунікке "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы бойынша тұрғын үй құрылысына бөлінген ақшаны жымқырды және талан-таражға салды деген айып тағылып отыр

НҰР-СҰЛТАН, 14 қыркүйек – Sputnik. Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Жақсылық Шалабеков бюджет қаражатын жымқырды деген күдікпен ұсталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Қарағанды облысының прокуратурасына сілтеме жасап.

Қарағанды облысы прокуратурасының арнайы прокурорлар басқармасының қызметкерлері Шалабековті 12 қыркүйек күні ұстаған.

"Лауазымды тұлға Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-тармағында қарастырылған қылмысты жасағаны үшін, атап айтқанда, бір топ адаммен алдын ала сөз байласып, 2018 жылы "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы бойынша бөлінген бюджет қаражатын жымқырып, талан-таражға салды деген күдікке ілікті", - делінген хабарламада.

Бұл ақша Қарағанды қаласында ірі панельді тұрғын үйлердің құрылысына бөлінген.

Қылмыстық әрекет салдарынан мемлекетке 107 миллион теңге шығын келтірілді.

Облыстық прокуратураның ақпаратынша, қазір Шалабеков сот санкциясымен екі айға қамауға алынды.

Тағы оқыңыз: БАҚ Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары ұсталғанын хабарлады

Тергеу барысын облыс прокуратурасының басшылығы ерекше бақылауына алған.

Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабына сәйкес, басқа ақпарат тергеу құпиясы болғандықтан жарияланбайды.

Шенеуніктің кінәсі дәлелденген жағдайда, ол мүлкі тәркіленіп, жеті жылдан он екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Жаңалықтар
0