НҰР-СҰЛТАН, 12 қыркүйек – Sputnik. Мәскеуде Қазақстанның Ресейдегі елшісі Ермек Көшербаев пен Россотрудничество басшысы Евгений Примаковтың кездесуі өтті.
Әңгіменің басты тақырыбы қазақстандық студенттердің Ресейге кіру мүмкіндігі және оларға бірлесе қолдау білдіру мәселесі болды, деп хабарлады Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, кездесу барысында мәдениет және білім беру саласында бірқатар бастама көтерілді, олар алдағы бірлескен іс-қимылдарға негіз болады.
Оқи отырыңыз: Шетелде оқыған екі мың қазақстандық отандық университетке ауысты
Әңгіме барысында Евгений Примаков қонақтарға ведомствоның қызметі және ғылыми-техника, мәдениет, экономика салаларындағы, сондай-ақ білім беру саласындағы халықаралық байланыстарды қолдау және дамыту бойынша жүктелген міндеттер туралы айтып берді.
Қазақстандық студенттер Ресейге қашан бара алады
Қазақстандық студенттердің Ресейге кіру мәселесі бір ай ішінде шешілуі мүмкін. Бұл туралы 9 қыркүйекте Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров мәлімдеді.
"Барлық елдің студенттеріне, соның ішінде Қазақстанға (Ресейге кіруге) мүмкіндік беретін нақты шарттар жақын арада анықталады. Көршіміздің бізге алғашқылардың бірі болып оқуға келгенін қалаймыз. Негізгі ойымыз келетін студенттерді белгілі бір деңгейде топтастыру арқылы апта сайын жайғастыруды көздейміз. Бұл мәселе бір айдың ішінде шешіледі деп үміттенемін", – деді Лавров.
Сонымен қатар, министр Ресей мен Қазақстан шекараларын ашу уақыты эпидемиологиялық жағдайға байланысты екенін атап өтті.
Еске сала кетейік, 17 тамыздан бастап Қазақстан Ресеймен әуеқатынасын қалпына келтірді, бірақ ресейлік тарап әлі шекарасын ашқан жоқ.