НҰР-СҰЛТАН, 11 қыркүйек – Sputnik. Қостанайлық полицейлер 54 жастағы ер адамды өлтірген төрт күдіктіні ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.
Марқұм 16 тамыз күні үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған. Ал 20 тамызда Қостанай облысы Алтынсарин ауданының полиция бөлімі іздеу жариялаған.
"Іздеу шаралары Алтынсарин, Сарыкөл және Қостанай сияқты бірнеше ауданда қатар жүргізілді. Аймақты барынша түгел қамту мақсатында жеке құрам жұмылдырылды", – делінген хабарламада.
Жүргізілген жедел-тергеу және іздестіру шараларының нәтижесінде төрт күдікті ұсталды. Олар өздерінің кінәсін мойындап, қайтыс болған адамның денесі көмілген жерді көрсетті.
Қазіргі уақытта күдіктілер (Щербаков ауылының тұрғындары) қамауға алынып, Қостанай қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Олардың біреуі бұрын сотты болған.
Оқи отырыңыз: "Үш ағайындыны өлтіру" ісі бойынша үкім: төрт жылдан өмір бойына бас бостандығынан айыру
Полиция мәліметінше, 1 қыркүйекте аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабымен (адам өлтіру) тіркеу туралы процессуалдық шешім қабылданды.