Қоғам

Қазақстандық депутаттар дәрігер мәртебесі туралы заң қабылдауды ұсынды

© Sputnik / Владимир Астапкович / Медиабанкке өтуРоссийские врачи в защитных костюмах рассматривают рентгеновский снимок
Российские врачи в защитных костюмах рассматривают рентгеновский снимок - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Соңғы 10 жыл ішінде Қазақстанда денсаулық сақтауды дамытудың екі мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылды. Оған триллиондаған теңге бөлінді

НҰР-СҰЛТАН, 10 қыркүйек – Sputnik. Сенаторлар премьер-министрдің атына жолдаған депутаттық сауалында дәрігерлер мәртебесі туралы заң қабылдауды ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Депутат Мұрат Бақтиярұлы пандемиямен күрес кезінде отандық медицина саласының ең осал тұстары анықталғанын атап өтті. Отандық медицина нарығы ауыр сынаққа төтеп бере алмаған. 

"Соңғы 10 жыл ішінде Қазақстанда денсаулық сақтауды дамытудың екі мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылды. Оған триллиондаған теңге бөлінді. Алайда саланы нығайтуға бағытталған жұмыстар денсаулық сақтаудың қазіргі проблемаларын неге жоя алмады, жүйені жоспарлы жаңғыртуды көздеген реформалардың игілігін неге көре алмадық деген заңды сұрақ туындайды. Қаншама қабылданған шараларға қарамастан, денсаулық сақтау министрлігі халық денсаулығын қорғауды дамытудың жүйелі жолын таба алмағаны түсініксіз", - деп қапаланды Бақтиярұлы. 

Айтуынша, еліміздегі көптеген ауруханада тыныс алу аппараттары, орталықтандырылған оттегі, компьютерлік томография тапшы. Стандарт бойынша ауруханалардағы төсек-орынның кемінде 10 проценті жасанды тыныс алу аппараттарымен жарақтандырылуы тиіс. Алайда Қазақстанда мұның бірде бірі сақталмаған. Депутат осындай ауруханалардың қызметіне  лицензия қалай беріліп келгеніне таңғалды. 

Мұрат Бақтиярұлы Маңғыстау облысындағы 170 мыңнан астам тұрғыны бар Мұнайлы ауданын мысалға келтірді. 

"Көптеген аудандарда, ірі елді мекендерде аудандық ауруханалар, ауылдық амбулаториялар тапшы не талапқа сай емес. Мысалы, Маңғыстау облысы бойынша ең ірі аудандардың бірі саналатын 170 мыңнан астам халқы бар Мұнайлы ауданында көпсалалы аурухана жоқ болғандықтан, тұрғындар емделу үшін Ақтау қаласына сабылып, онсызда төсек-орны жетпей жатқан қала ауруханаларына үлкен салмақ түсіруде. Осындай жағдай Шымкент қаласында да орын алуда", - деді ол. 

Сонымен қатар, халық қалаулысы отандық дәрі-дәрмек өндірісіне де тоқталды. Қазақстанда шығарылатын дәрі-дәрмектің үлесі небәрі 20 процент, қалған 80%-і шет елдерден импортталады. 

"Жеріміз дәрі жасайтын шөптерге өте бай. Өкінішке қарай, өзімізде оларды пайдалану жеткілікті түрде жолға қойылмаған. Есесіне дәрілік шөптерді заңсыз сыртқа шығару күшейіп келеді. Бұлай жалғаса берсе, кейбір дәрілік қасиеті мол шөптердің тұқымы құрып кетуі мүмкін", - деп алаңдады сенатор. 

4 мың дәрігер жетіспейді 

Медицина саласындағы өзекті мәселелердің бірі – кадр тапшылығы. 

"Мысалы қазір емдеу орындарында 4 мың дәрігер жетіспейді. Тіпті індет қаупі сейілмей тұрған ірі орталықтар мен өңірлерде 800-ден астам инфекционистің орны бос тұр. 2018 жылы "Диплломмен ауылға" бағдарламасымен барған 706 жас маманның тек 355-і ғана көтерме ақы алды. 102 дәрігерге тұрғын үй бұйырды. Қазір дәрігерлермен қамтамасыз ету көрсеткіші қалада 56,8 пайыз болса, ауылда небәрі 16,1 процент қана", - дейді Мұрат Бақтиярұлы. 

Сенат депутаттары медицина мамандарын даярлайтын 6 жоғары оқу орнында жабылып қалған медициналық, профилактикалық факультеттерді қайта ашу қажет деп санайды. 

"Қазақстанда денсаулық сақтау саласында 250 мың медицина қызметкері, оның ішінде 72 мың дәрігер қызмет етеді. Денсаулық саласын қандай озық технологиялармен, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етсек те, ол білікті дәрігерді алмастыра алмасы анық.  Сондықтан адам денсаулығы үшін аянбай еңбек етіп, ажалға араша түскен дәрігерлер қауымы үшін дәрігерлер мәртебесі туралы заң қабылдауды ұсынамыз", - деп түйіндеді сөзін ол.

 

Жаңалықтар
0