НҰР-СҰЛТАН, 10 қыркүйек — Sputnik. Елордада иттерге арналған тәлімбақ төңірегінде тағы да дау шықты. Ғимараттың бос тұрғанын естіген көпбалалы аналар қоныстанды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Негізінен, әйелдердің 6-8 баласы бар. Дені "Алтын алқа" және "Күміс алқа" иегерлері.
Олар пәтер кезегінде он жылдан бері тұрғанын айтты. Алайда баспана әлі де арман болып отыр. Көпбалалы аналар ғимарат бос тұрғанын жануарларды қорғаушылардың жазбаларынан білген. Сондықтан осы ғимаратқа қоныстанды.
Әйелдер бос ғимараттың есігі ашық тұрғанын айтты. Олар мұнда үш күн болған.
Әкімшілік ғимараттың суы мен электр жарығын сөндіріп кетті.
"Астана-Ветсервис" әкімшілігі не дейді
"Астана-Ветсервис" кәсіпорнының директоры Данияр Әбдулов болған жағдайды сейсенбі күні білгенін айтты.
"Бір жағынан бұл әйелдерді түсінемін. Олардың жағдайы қиын. Екінші жағынан бұл... нонсенс", - деді ол.
Кәсіпорын жетекшісі бұл ғимарат үшін жауапты екенін жеткізді. Сондықтан кеше, сәрсенбі күні ол жағдайды бақылау үшін көлігінде қонбақ болды. Алайда сағат 22.20-да Sputnik Қазақстан тілшісіне әкімдік пен полиция әйелдермен кездесу өткізгені белгілі болды.
"Қазір ғимаратта ешкім жоқ", - деді әкімдіктің баспасөз қызметі.