АЛМАТЫ, 10 қыркүйек – Sputnik. Алматыда ағайынды темір ұсталары Құлменовтер 40 жылдан бері қару-жарақ, тұрмыстық заттар мен саз аспаптарын жасайды. Алматы облысы Кеген ауданында туған Жетенұлы Тұрсынжан мен Махмұт және Айтберген көшпелі түркілер мен қазақ бабаларының әскери жорықтарда қолданған қару-жарақ, сауыт-сайман үлгілерін қалпына келтірумен айналысады. Олар жасаған заттар Қазақстанның барлық облысындағы мұражайға қойылған. Ұсталар сақетер, айбалта, қылыш, дулыға, қалқан секілді қару-жарақ жасайды.
Sputnik Қазақстан тілшісі шеберлердің ұстаханасына барып, қару-жарақтың қалай жасалатынын біліп қайтты.
Ұста Махмұт Құлменов екі бауырының сырқаттанып қалуына байланысты қазір ұстаханада жалғыз өзі жұмыс істеп жатыр. Айтуынша, ұстаханаға айналған үйді әкесі 1977 жылы үш ұлының қолөнерге деген икемін байқап Алматыдан сатып әперген. Содан бері ағайындылар бірге жұмыс істеп келеді.
Ұстаның айтуынша, қару-жарақ, саз аспаптарын, тұрмыстық бұйымды жасайтын адамды қазақ "дархан ұста" деп атайды. Қолынан өнер тамған үш ағайынды да барлық өнерді қатар жүріп меңгерген.
"Бала күнімізде ата-анамыз ұлттық тәрбиені, дәстүр-салтты бойымызға сіңірді. Бүгінгі істеп жатқан жұмысымыз – сол тәрбиенің жемісі. Жас күнімізден бастап батырлар жырын оқығанымыздың да әсері бар деп санаймын. Ол кезде теледидар болған жоқ, радио қосулы тұратын. Сол себепті үлкен кісілер айтқан жырды тыңдап, жатқа айтатынмын. Соның бәрі осы өнерге келуімізге себеп болды", - дейді ұста.
Табиғаты көркем Кеген ауданында туып-өскен ағайындылар мектепте жүргенде қолөнер бұйымдарын жасап, сурет салған. Мектеп көрмесіне де ағайынды үш жігіттің жұмыстары қойылған.
"Қазақтың кең байтақ жерін қалай қорғап қалуға болады деген ойдан қару жасаумен айналыса бастадық. Кезінде батырлар қандай қару ұстағаны көпшілікке белгілі. Соны таныту, көрсету, насихаттау үшін осы салаға бет бұрдық. Қазақ бес қаруды жақсы біледі. Сонымен қатар жылдар бойы Қазақстан бойынша зерттеу жүргізген кезде жекелеген адамдардың басқа да қару жасағанын білдік. Көп адам біле бермейтін қарудың тағы 30-40 түрі бар екен. Соның атауының бәрін зерттеп, халықтың рухани-мәдени біліміне үлес қостық", - дейді Махмұт Құлменов.
Бес мың кітап оқыған
Махмұт Құлменов жылдар бойы тарихты, тарихи кітаптарды оқып қана ұста болуға болатынын айтты. Өзінің жеке кітапханасында 5 мың кітап бар және соның барлығын оқып шыққан. Оның ішінде Түрік қағанаты туралы Қытай деректері, Үйсін мен Ғұн жылнамасы, Мұхамед Хайдар Дулатидің "Тарих-и-Рашиди" еңбегі бар.
"Бұл кітаптарды оқымай, тарихты білмей бұл дүниеге қол жеткізу мүмкін емес. Осы кітаптарды әлі күнге дейін оқып, зерттеп отырамын", - деді ұста.
Алайда, ол халықтың өнерді бағалауда талғамы төмен екенін айтты, телеарналар да ұсталарды дәріптеп жатқан жоқ. Әңгіме барысында ұста өнерді тану үшін жаңа арна ашуды ұсынады.
Қару-жараққа кім қызығады?
"Қазір тапсырыстың басым бөлігі жеке адамдардан түседі. Себебі, осындай құнды әрі сирек кездесетін қарудан коллекция жинайтындар қызығушылық танытады. Одан бөлек мұражайлардан тапсырыс түседі. Мұражайға ақша бөлінсе, халықтың тұрмысы жақсы болса, біздің де жұмысымыз жүреді", - дейді Құлменов.
Ұста қолынан шыққан қарулардың арасында Бөгенбай батырдың айбалтасының көшірмесі де бар. Айтуынша, батырдың ұрпағы – егде жастағы ақсақал ұсталарға арнайы келіп, түпнұсқасын көрсеткен.
Сондай-ақ, қазақтың сауыт-сайманына шетелдіктер де қызығады. Осыдан бірнеше жыл бұрын бір дулығаны америкалықтар 8 мың долларға сатып алған. Ұста қазір оның құны қымбаттағанын айтты.
"Бағаны сұранысқа қарай қоямыз. Жастар, коллекция жинаушылар көбіне айбалта мен қылыш жасауға тапысырыс береді. Тұрмыстық бұйымдар жасаушылар қазір көп, сол себепті қару жасау бойынша бізге келеді. Себебі, қазір қару жасайтындар жоқтың-қасы", - дейді ол.
Шәкірт тәрбиелегісі келеді
Ұстаның айтуынша, ағайындылардың 25 жылдан бері қолдау таппай келе жатқан ісі бар. Ұста осы уақыт ішінде көшпенділердің қару жасайтын палатасын ашуға болар еді дейді. Тіпті, облыс әкімдіктеріне арнайы хат жазып, осы өнерді меңгергісі келетін екі жас азаматтан тұрақты түрде жіберіп отыруды сұраған. Оларды шәкірт ретінде тәрбиелеп, әр облыста бір-екі шәкіртінің ізін жалғап, осы істі әрі қарай алып кеткенін қалайды. Алайда, ешбір әкімдік ұстаның бұл сұрауына жауап бермеген.
Сонымен қатар ағайындылар халық арасында ел ілтипатына бөленген азаматтарға "Алмас қылыш" сыйлығын берумен айналысады.
"Халқына, ұлтына қызмет жасаған мықты азаматтарға "Алмас қылыш" сыйлығы беріледі. Бұл – жігер мен қуат беретін сыйлық, оған біздің маңдай теріміз сіңіп қалады. Сыйлық ретінде айбалта мен күрзіні береміз. Кезінде Олжас Сүлейменов, Сәтімжан Сәнбаев, Мұрат Әуезовке, Роллан Сейсенбаевқа, Герольд Бельгер ағаға да сыйладық", - дейді ол.
Айтуынша, үш ағайындының бірі зергелікке бейім болса, енді бірі қолөнерге басымдық береді. Алайда, үшеуі бірігіп, ізденістің барлығы бір жерге тоғысқаннан кейін қару жасау ісін дөңгелетіп отыр.
"Қазір екі бауырым денсаулығына байланысты жұмысқа шығып жүрген жоқ. Ұлым осы іспен айналысып, қолғабыс болып келеді. Шәкірт ұстауға қазір өзіміздің шамамыз келмейді. Оған жағдай жасап беру керек. Әкімдіктер шәкірт жіберсе, екі жылда нағыз маманды шығаруға болады. Өнер адамдары, халық қолдағанымен, үкімет тарапынан көмек жоқ", - дейді ол.
50 жыл бұрын жасалған бұйым
Әңгіме барысында ұста өзіне ең ыстық қолөнер бұйымын көрсетті. Айтуынша, 1971 жылы 9-сынып оқып жүргенінде ағаштан ойып жасаған дүниені елу жылға жуық уақыттан бері сақтап келеді.
"Мұның бір жағында жолбарыс, екінші жағында адам тұр. Ол адамға қарама-қарсы орналасқан, сол арқылы адамның өміріндегі жақсылық пен жамандық бірге жүретінін айтқым келді. Ал жоғарыда арқар тұр. Адам сол аңды аулауға шыққанда жолбарысқа кезіккен деген қиялдан туған. Ал оның төмен жағында үкі бар, ол күзетшінің қызметін атқарады", - дейді ол.
Сондай-ақ, ұста темірді балқытып, қарудың қалай жасалатынын көрсетті. Ең алдымен көрікті пайдаланып от жағады, жанған отқа темірді салады. Шоқта тұрып қызған темірді төске қойып, керек қалыпқа сай соғады. Осылай бірнеше рет қайталайды.
Шоқтан шыққан металды суға, майға, зәрге батыруға болады. Суға тұз қосатын ұсталар да болады. Бұл қарудың мықты болуы үшін жасалады. Алайда, көлікке арналған май немесе малдың майына салынған қару мықты болып шығады.
Қару жасаған кезде қара темір, көк темір, болат темір, қара ала жүз деген металл қолдануға болады. Түсті металлдан қорғасын, мыс, жез пайдаланылады. Құрыш пен алмаз өте бағалы саналады.