Қоғам

Дәстүрлі білім беру форматына көшу: министрлік бірнеше ұсыныс жасады

© Sputnik / Ирина АдамоваДорога в школу
Дорога в школу - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Биылғы жолдауда мемлекет басшысы санитарлық талаптарды сақтай отырып, білім алудың қалыптасқан дәстүрлі тәсіліне қайта көшудің тәртібін әзірлеуді тапсырған болатын

НҰР-СҰЛТАН, 9 қыркүйек – Sputnik. Білім және ғылым министрлігі дәстүрлі білімге беруге көшуге қатысты бірнеше ұсыныс жасады. Олар денсаулық сақтау министрлігінде қаралатын болады. Бұл туралы вице-министр Шолпан Каринова мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Білім министрлігі де ата-аналар мен педагогтар сияқты мектептердің жұмысын штаттық режимде қалпына келтіруді қалайды. Осыған байланысты біз санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға қарай дәстүрлі білімге көшудің бірнеше жолын ұсындық", - деді Каринова орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Оның айтуынша, министрлік мектептерді жергілікті биліктің шешімімен ашуды ұсынып отыр. Өйткені әр аймақта санитарлық-эпидемиологиялық жағдай әртүрлі. Сосын ондай шешім жергілікті санитарлық дәрігермен келісіп жасалуы қажет.

"Біздіңше, бұл – ең дұрыс тәсіл. Себебі жеріміз кең және әр жерде эпидемиологиялық ахуал әртүрлі. Осындай ұсыныс бар", - деп атап көрсетті Каринова.

Мектептердің жұмысын жандандыруға қатысты басқа да ұсыныстар бар. Бірақ вице-министр оны ашып айтпады.

"Біз соның бәрін жұмыс тәртібі бойынша денсаулық сақтау министрлігімен пысықтап жатырмыз. Бүге-шүгесіне дейін қарастырудамыз. Әрине, басты міндет – балалардың денсаулығын сақтау. Сол себепті дұрыс шешім қабылдау қажет. Ол жайында қосымша хабарлайтын боламыз", - деді Каринова.

Айта кетейік, биылғы жолдауда мемлекет басшысы санитарлық талаптарды сақтай отырып, білім алудың қалыптасқан дәстүрлі тәсіліне қайта көшудің тәртібін әзірлеуді тапсырған болатын.

Жаңалықтар
0