НҰР-СҰЛТАН, 9 қыркүйек – Sputnik. Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен өткізген бірлескен баспасөз мәслихатында Қазақстан қараша айында Ресеймен аймақаралық ынтымақтастық форумын өткізуге дайындалып жатқанын мәлімдеді.
"Қазірге кезде Қазақстан Көкшетау қаласында кезекті аймақаралық ынтымақтастық форумын өткізуге дайындалып жатыр. Менің ойымша, Қазақстан мен Ресейдің шекаралас облыстары ынтымақтастықтың жаңа жолдары мен жаңа перспективаларын талқылай алады", – деді Тілеуберді.
Айта кетейік, сыртқы істер министрі бастаған Қазақстан делегациясы 9-10 қыркүйекте өтетін ШЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысына қатысу үшін Мәскеуге барды. Шара аясында Қазақстанның сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен болған келіссөздер қорытындысы бойынша баспасөз мәслихатын өткізді.
Форумда қандай тақырып талқыланады
Бұған дейін Ресей мен Қазақстан арасындағы он жетінші аймақаралық ынтымақтастық форумы 2020 жылы Көкшетауда өтеді деп хабарланды. Омбы сауда-өнеркәсіп палатасының сайтында шара 12-13 қараша күндері өтетіні көрсетілген.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев экология және жасыл желек өсіру саласындағы ынтымақтастық тақырыбын ұсынды.
Оқи отырыңыз: "Бұл фестиваль мен форум өткізу емес": президент қазіргі жағдайды соғысқа теңеді
Бірінші аймақаралық форум 2003 жылы Омбыда өтті. Оған Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей президенті Владимир Путин қатысты. Содан бері Қазақстан мен Ресей басшыларының шекаралас облыстардың бірінде кездесу ұйымдастыру дәстүрге айналды. Алайда, Ақмола облысы Ресеймен шектеспейтіндігімен ерекшелікке ие болды.