НҰР-СҰЛТАН, 9 қыркүйек – Sputnik. COVID-19 инфекциясы мен пневмония жұқтырып алуына байланысты 1 364 медицина қызметкері мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төлемақы алды. Сондай-ақ, аталған ауру салдарынан қайтыс болған 13 медицина қызметкерінің отбасына өтемақы төленді. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
"9 қыркүйек күнгі жағдай бойынша МӘҚҚ COVID-19 немесе вирустық пневмониямен ауырған 1 364 өтініш иесі мен қайтыс болған 13 қызметкердің отбасына төлем жасау туралы шешім қабылданды", – делінген хабарламада.
Өтемақылардың көп бөлігі Нұр-Сұлтанда – 257 жүзеге асырылған. Сондай-ақ, Алматы қаласында – 178, Алматы облысында – 111, Қарағанды облысында – 110 және Ақмола облысында – 99 төлем жүргізілген.
Министрлік мәліметінше, жоғарыда аталған төлемге құқығы бар медицина қызметкерлерін облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың денсаулық сақтау басқармасының жанындағы арнайы комиссия анықтайды. Комиссия мүшелері науқас мамандарды тексеру нәтижесіне сүйене отырып шешім қабылдайды.
Өтінімдер алдымен денсаулық сақтау министрлігінде жинақталып, оның электрондық нұсқасын қалыптастыру үшін "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына жіберіледі. Содан кейін ғана төлем тағайындау үшін мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына ұсынылады.
Оқи отырыңыз: 2 млн теңге алады - дәрігерлерге өтемақы беру тәртібі өзгерді
Айта кетейік, медицина қызметкерлері коронавирустық инфекция немесе вирустық пневмония жұқтырған жағдайда 2 миллион теңге төленеді. Ал егер індет жұқтыру салдарынан қайтыс болған жағдайда марқұмның отбасына 10 миллион теңге өтемақы төлеу қарастырылған.
Шілде айының соңында денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елімізде коронавирус салдарынан 59 медицина қызметкері қайтыс болғанын айтты.