Экономика

Қазақстандықтардың салық бойынша 64 млн теңге өсімпұлы кешірілді

© Photo : Pixabay / EdarКалькулятор, архивтегі сурет
Калькулятор, архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Мемлекеттік кірістер комитеті өсімпұлды есептен шығару үшін қарыздың негізгі сомасын өтеу керектігін ескертті

НҰР-СҰЛТАН, 8 қыркүйек – Sputnik. Берешектің негізгі сомасын төлеген қазақстандықтардың 64 миллион теңгеден астам өсімпұлы кешірілді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"7 қыркүйектегі жағдай бойынша жеке тұлғаларға арналған салық рақымшылығының мүмкіндіктерін елдің 31 338 азаматы пайдаланды (он мыңнан астамы – астанада). Олар 295,3 миллион теңге төледі, есептен шығарылған өсімпұл – 64,1 миллион теңге", - деп мәлімдеді Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі.

Өтелген негізгі борыштың сомасы бойынша Алматы қаласы көш бастап тұр. Қала тұрғындары 75,6 миллион теңге салық төлеп үлгерді. Үздік үштікке Түркістан облысы (35,1 миллион теңге) және Алматы облысы (34,2 миллион теңге) кірді.

Алматыда 18,4 миллион теңге өсімпұл кешірілді. Нұр-Сұлтанда 17,7 миллион теңге есептен шығарылды. Маңғыстау облысында өсімпұл сомасы 4,5 миллион теңгені құраған.

Салық амнистиясын өткізу мерзімі – 2020 жылдың 31 желтоқсанына дейін.

Тағы оқыңыз: Қазақстанда салықтардың саны қысқарады

"Өсімпұлды кешіру үшін ешқайда барудың қажеті жоқ. Қарыздың негізгі сомасын төлеу жеткілікті. Өсімпұл автоматты түрде есептен шығарылады", - деп атап өтті комитеттен.

Болжам бойынша, биыл 1,2 миллион азамат салық рақымшылығын пайдаланады. Бұл бюджетке 12,7 миллиард теңге төленеді деген сөз, есептен шығарылған өсімпұл 4,3 миллиард теңгені құрайды.

Салық бойынша берешектің бар-жоғын мемлекеттік кірістер комитетінің сайтында, сонымен қатар, eSalyq mobile (AppStore, PlayMarket) мобильді қосымшасының көмегімен тексеруге болады.

Бұған дейін мемлекет басшысы үкіметке жеке тұлғалар үшін салық рақымшылығын тағы бір мәрте өткізуді тапсырған болатын.

Жаңалықтар
0