АЛМАТЫ, 8 қыркүйек — Sputnik. Танымал ресейлік актер Михаил Ефремов мас күйінде көлікпен адамды қағып өлтіргені үшін кінәлі деп танылып, сегіз жылға бас бостандығынан айырылды.
Ол сот залында қамауға алынады. Бұған дейін үйқамақта болған. Сондай-ақ актер қайтыс болған адамның ұлына 800 мың рубль көлеміндегі өтемақы төлеуге міндеттелді.
"Ресей Федерациясының Қылмыстық кодексінің 264-бабы 4-бөлігінің "а" тармағында көрсетілген ("мас күйінде абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзу") қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды", - деді судья.
Судья күдіктінің сот процесі кезінде кінәсін мойындамағанын, еш нәрсе есінде қалмағанын айтумен болғанын атап өтті. Апаттан кейін Михаил Ефремов бірден кінәсін мойындады. Алайда кейіннен бастапқы түсініктемесінен бас тартты. Үкім шығар алдында ол қайтадан кінәлі екенін айтты.
Сараптама нәтижелері бойынша апат кезінде Ефремов мінген джип көлігі сағатына 80-90 шақырым жылдамдықпен қозғалғаны анықталды. Көлік соқтығысқанға дейін толығымен жұмыс істеп тұрған.
Адвокаттар Ефремов жүргізуші емес, жолаушы болды деген еді. Алайда сот бұған сенген жоқ.
Жол апаты
Ресейлік актер Михаил Ефремов сегізінші маусымда Мәскеу орталығында қайғылы оқиғаға себепші болды. Ол көлігімен жолдың қарсы бағытына шығып кетіп, "Лада" фургонымен соқтығысты. Салдарынан екінші көліктің жүргізушісі, интернет-дүкеннің жеткізушісі болған Сергей Захаров бірнеше сағаттан кейін ауруханада көз жұмды.
Сараптама қорытындысы апат болған кезде әртістің мас болғанын және оның қанында есірткі бар екенін көрсеткен. Бірнеше күн өткен соң Ефремов қайтыс болған адамның отбасынан кешірім сұрап видео жариялады, алайда Захаровтың отбасы оны қабылдаған жоқ.