НҰР-СҰЛТАН, 8 қыркүйек – Sputnik. Әлеуметтік желіде көпқабатты тұрғын үйдің шатырына шығып ойнаған жасөспірімдердің видеосы тарады. Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті бейнероликтерге қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Видеода бір топ баланың көпқабатты үйдің шатырында емін-еркін жүргені көрінеді.
Роликтердің бірінен жасөспірімнің шатырда велосипед теуіп жүргені анық байқалады. Басқа бір видеода қыз шатырдың шетінде екі аяғын төмен салбыратып отыр.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Желі қолданушылары балалардың әрекетін шектен шыққандық деп санап, ата-аналарын жауапқа тартуға шақырды.
Бұл оқиғаға қатысты елорданың полиция департаменті түсініктеме берді. Олардың мәліметінше, жасөспірімдер "Арман қала" тұрғын үй кешені паркингінің шатырында ойнаған.
"Полиция қызметкерлері оқиға орнына аттанды. Белгілі болғандай, паркингтің шатырына шығатын есік ашық қалған. Балалар да соны пайдаланған. Тұрғын үйге қызмет көрсететін ұйыммен жұмыс жүргізіліп, есікке құлып орнатылды", - делінген ведомство хабарламасында.
Полиция паркингке жауапты тұлғалар мен балалардың ата-аналары заңға сәйкес жазаланатынын атап өтті.
Тәртіп сақшылары қандай да бір ғимараттың шатырына шығатын есік ашық қалған жағдайда, бірден ПИК-ке хабар беруді сұрады.