НҰР-СҰЛТАН, 7 қыркүйек — Sputnik. Қасым-Жомарт Тоқаев 2000 жылдың 3 сәуіріндегі "Елбасының мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендиясын тағайындау туралы" жарлыққа өзгеріс енгізді.
"Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті – Елбасының мәдениет саласындағы жыл сайынғы 75 мемлекеттік стипендиясы айына 55 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде тағайындалсын", - деп жазылған Ақорда сайтында жарияланған жарлық мәтінінде.
Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Бұған дейін стипендия көлемі 20 айлық есептік көрсеткішке тең болатын.
Қазақстанда бір АЕК - 2 778 теңге, тиісінше, енді мәдениет қайраткерлері айына 152 790 теңге алатын болады.
Еске сала кетсек, 2020 жылдың қаңтар айында Қазақстанның белгілі өнер қайраткерлері "Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасының мәдениет саласындағы стипендиясын" алған еді. Олардың арасында Қазақстанның халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов пен Канн фестивалінің лауреаты Самал Еслямова бар.