Экономика

Ұлттық банк теңгенің неге әлсірегенін түсіндірді

© Sputnik / Тимур БатыршинТеңге және доллар
Теңге және доллар - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Рубльдің күрт құлдырауы дамушы елдердің валюталарына, соның ішінде теңгеге тікелей ықпал еткен жоқ, дейді ұлттық банк

НҰР-СҰЛТАН, 3 қыркүйек – Sputnik. Теңге бағамының әлсіреуі әлемдік нарықтарда АҚШ долларының нығаюымен және мұнай бағасының түсуімен байланысты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан ұлттық банкке сілтеме жасап.

3 қыркүйек таңертеңгі сауда-саттық қорытындысы бойынша ұлттық валюта біршама әлсіреді.

Ұлттық банктің монетарлық операциялар департаментінің директоры Нұржан Тұрсынханов теңгенің әлсіреуін рубльмен байланыстырмайды. Валюта бағамына доллардың нығаюы мен мұнай бағасының түсуі әсер еткен.

"АҚШ долларының әлемдік нарықтарда нығаюы, мұнай өңдеу зауыттарының күзде жоспарлы қызметке жабылуы және ОПЕК елдерінің мұнай өндіру көлеміне біртіндеп оралуы 2 қыркүйекте "қара алтын" бағасына әжептәуір қысым көрсетті. Бір күн ішінде мұнай бағасы 1,20 долларға немесе 2.61%-ке төмендеді. Энергия тасымалдаушылар нарығындағы құбылмалылықпен бірге, дамушы елдердің валюталары да құнсызданды", - деп түсіндірді Тұрсынханов.

Тағы оқыңыз: Күзде теңге тағы құнсыздана ма – сарапшылар пікір білдірді

Айтуынша, 2 қыркүйекте еуропалық сессия барысында Ресей рублінің күрт құлдырауына Алексей Навальный туралы мәлімдеме себеп болды. Германия билігі ресейлік оппозиционерді "Новичок" тобына жататын затпен уландырды деп мәлімдеген еді.

Бұл мәлімдемеден кейін нарық ойыншылары батыс елдері тарапынан Ресейге жаңа санкциялар салынуы мүмкін деп қауіптенді. Соның әсерінен ресейлік валюта айтарлықтай әлсіреп қалды.

"Рубльге қатысты жағдай қалған дамушы елдердің валюталарына, соның ішінде теңгеге тікелей ықпал еткен жоқ. Мен атап өткендей, олардың әлсіреуі әлемдік нарықтарда доллардың нығаюымен және мұнай бағасының түсуімен байланысты", - деді департамент директоры.

Жаңалықтар
0