АЛМАТЫ, 3 қыркүйек — Sputnik. Рудный-Қашар тасжолында үш көлік соқтығысып, қарбыз толы КамАз жыраға аударылды. Полицейлер оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.
Апат сәрсенбі күні Қостанай облысы Ульяновка ауылынан 15 шақырым жерде болды, деп хабарлайды alau.kz порталы.
"Volkswagen Polo-ның 51 жастағы жүргізушісі Федоровка ауданына бара жатып, КамАЗ-ды озып өтпек болған. Ол қарама-қарсы бағытта көліктің бар-жоғын қарамай, Ford-пен соқтығысты. Бұдан соң КамАЗ-ға соғылды", - деді Қостанай облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қатты соғылмаса да, КамАЗ жүргізушісі көлікті басқара алмай, бірер секундта жыраға аударылды. Қарбыз шашылып, жүктің басым бөлігі жарамсыз болып қалды.
Полиция департаменті ешкім зардап шекпегенін айтты.