АЛМАТЫ, 3 қыркүйек – Sputnik. Онға жуық шәкірт тәрбиелеген Мадина Бекетаева денсаулығы жараса зейнет жасына дейін кран айдауға дайын. 39 жастағы Жезқазған қаласының тұрғыны 17 жылдан бері көпірлі кран айдайтын машинист болып жұмыс істейді. 22 жасынан бастап үлкен техниканың рөліне отырған Мәдина Sputnik Қазақстан тілшісіне бұл салаға қалай келгенін және жұмысының қыр-сырын айтып берді.
Қарағанды облысы Сәтбаев қаласында дүниеге келген Мәдина оқуға түсер кезде нағашы ағасының ақылын тыңдап, осы саланы таңдаған. Алайда 1998 жылы оқуды аяқтаған соң мамандығы бойынша жұмыс табылмай, бес жыл бойы дүкенде сатушы болып жұмыс істеген. 2003 жылы еңбек жолын Сәтпаев қаласында Батыс Жезқазған кенішіне кран машинсі болып бастайды.
"Көп жағдайда кранды әйелдер жүргізеді. Бірақ біздің жұмысымыз жайлы естігендер әйелге тән емес жұмыс деп санайды. Жұмысым өзіме ұнайды, адам бірнеше жыл жұмыс істеп, сол салаға үйреніп кеткеннен кейін ешқандай қиын тұсы болмайды. Бірақ жұмыс қысы-жазы жүріп тұрады, қыста тоңып қаламыз, жазда биікте жұмыс істеген соң ыстық болады", - дейді краншы Мәдина.
Айтуынша, бұл жұмысқа орналасар кезде ата-анасы қарсы болмаған. Денеге күш түспейді әрі өзін қамтамасыз етуге жалақысы да жетерлік. Мадина осы жұмыстың арқасында үй алып, өмір сүруге ыңғайлы жағдай жасағанын айтты.
Мадина Бекетаева 2007 жылы Жезқазған байыту фабрикасында кран машинисі болып жұмысқа орналасып, қазірге дейін сол жерде жұмыс істеп келеді. Бастапқыда жұмысқа орташа дәрежедегі маман ретінде қабылданып, үш жылдан кейін жоғары деңгейге көтерілген. Кейіннен шәкірт тәрбиелеп, он шақты жас маманға кәсібінің қыр-сырын үйреткен.
Кран айдаушының бір күні
"Асырап отырған жұмыс болған соң таңертең бесте тұрып, жұмысқа барамын. Бұл жағынан да қиналмайтын болдым. Себебі бес күн жұмыс істеп, екі күн демалыс беріледі. Мереке күндерінде де демалыс қарастырылған. Әріптестерімнің басым бөлігі – әйелдер, арасында 2-3 ер адам ғана бар. Олардан қалыспай, қыздар да жұмысты табысты атқарады", - дейді ол.
Жұмыс күні машинистің алкогольдік ішімдік ішкен-ішпегенін тексеруден басталады. Сағат жеті жарымда жұмысшыларды жұмыстарға бөліп тарату басталады. Әр краншыға бір краннан беріледі.
"Одан кейін шахталардан келген кенді ұсақтаймыз, материалдарды бөлеміз. Бөлінген материалдар мыс балқыту зауытына жіберіледі. Мыс секілді бағалы заттардан химиялық заттар өндіріледі", - деп түсіндірді жұмысын Бекетаева.
Қандай талап қойылады
Кран машисті қызметіне 18 жасқа толғандарды қабылдайды. Айтуынша, бой мен салмақтың аса қатты маңызы жоқ, алайда жұмысқа жарамды болуы қатты қадағаланады.
"Машинистің денсаулығы мықты болуы керек. Жұмысқа орналасқанда медициналық тексеруден өтеміз. Біздің мамандықта ең керегі – көздің жақсы көруі және құлақтың жақсы естуі. Өйткені кран биікте орналасқан техника, сондықтан жан-жаққа мұқият қарап отырмасаң, қауіп төнуі мүмкін. Астында басқа да кісілер жұмыс істейді. Сондай-ақ, қан қысымы бар кісілер де қабылданбайды", - дейді ол.
Айтуынша, қызмет жолында мұндай қауіпті оқиғалар болмаған. Алайда төменде жұмыс істеп жатқан қызметкерлердің үстінен жүк алып өтуге болмайды, сондай-ақ, зауыт ішінде арнайы жабдықтар бар, сол жабдықтарды соғып алмауы керек.
"Бастапқыда осындай үлкен техниканы басқару деген ойыма да келмепті. Осы мамандыққа келгеннен кейін, қызметімді атқарып жатырмын. Бала күнімде көлік айдаймын деп ойламаппын, алайда бойжеткен соң әкеме көлік алып беруді армандадым. Өкінішке қарай, бұл арманым орындалмай қалды", - дейді Мәдина.
Мәдина денсаулығы жақсы болса, зейнет жасына дейін кран айдаушы болып жұмыс істеу ойында бар екенін айтты.