Жамбыл облысының ауылдық округтеріндегі жаппай тәртіпсіздіктен кейін алты айдан астам уақыт өтсе де, кейбір ғимараттар әлі де қирап жатыр.
Қордай ауданындағы тәртіпсіздіктер 7 ақпанға қараған түні болды. Қайғылы оқиғалардың салдарынан он адам көз жұмды. Тағы бір марқұмның денесі кейінірек өртенген ғимарат үйінділерінің арасынан табылды.
Тұрғын үйлер мен коммерциялық ғимараттар, сондай-ақ автокөліктер отқа оранды. Жаппай тәртіпсіздікке мыңнан астам адам қатысып, 780 отбасы зардап шекті.
Осы оқиғаға байланысты 120-дан астам қылмыстық іс ашылғаны белгілі болды. Оқиға қатысқан 50-ге жуық адам ұсталды.
Оқи отырыңыз: Әкімдік Қордайда 11 нысан неге қалпына келтірілмей жатқанын түсіндірді
1 наурыз күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қордай өңіріне барып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Ол толқудың басты себебі, қылмыстық топтар арасындағы қақтығысқа әкеп соққан заңсыз табыс көздерін бақылау үшін күрес болғандығын атап өтті.
Ауылдағы қалыпты өмірді қалпына келтіруге жан-жақтан көмек көрсетілді: залал-зардапты жоюға түрлі ұйымдар қатысты. Облыстық қор қаражатынан басқа, жергілікті "Нұр-Ниет" пен "Әулие-ата-демеу" қоры, "Бәйтерек" қоры мен Samruk-Kazyna Trust әлеуметтік жобаларды дамыту қоры зардап шеккендерді қолдауға қаржы бөлді.