Өңірлер

Алматыда камера арқылы 1800-ге жуық жолаушының маска тақпағаны анықталды

© Photo : пресс-служба акимата АлматыАвтобус в Алматы
Автобус в Алматы - Sputnik Қазақстан
Жазылу
№120 және №63 бағытында қатынайтын 4 автобусқа сегіз камера орнатылды. Пилоттық жоба барысында бір автобус жүргізушісі жұмыстан босатылды, үшеуі сөгіс алды

АЛМАТЫ, 3 қыркүйек – Sputnik. Алматыда автобустағы бейнебақылау камералары арқылы 1800-ге жуық жолаушының медициналық бетперде тақпағаны анықталды.  Бұл туралы брифинг барысында қалалық мобильділік басқармасының басшысы Ерлан Әділов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Алматыда тамызда бейнебақылау камералары арқылы автобустағы жолаушылардың маска таққанын бақылауға мүмкіндік беретін пилоттық жоба басталған болатын. №120 және №63 бағытында қатынайтын 4 автобусқа сегіз камера орнатылды.  

"Пилоттық жоба барысында медициналық бетперде тақпаған 1 773 жолаушы анықталды, оның ішінде 1 106 адам маска тақпаған, ал қалған 667 адам автобусқа масканы дұрыс тақпай отырған. Сондай-ақ, атқарылған жұмыс барысында бір автобус жүргізушісі жұмысынан босатылды, 3 жүргізуші сөгіс алды", - деді Әділов.

Осы жобаны әрі қарай дамыту мақсатында "Көлік холдингі" ЖШС мен "Қазақтелеком" АҚ арасында келісім жасалып, қыркүйектің соңына дейін 8 бағытта жолаушы тасымалдайтын 32 автобусқа қосымша камера орнату туралы шешім қабылданды.

Осылайша, № 25, № 7 троллейбус пен №205, №137, №37, №69, №38, №63 автобустарына қосымша бейнебақылау орнатылады.

Жоба барысында маска режимін бұзған жолаушы туралы белгі диспетчерге келіп түседі. Ол бірден автобус жүргізушісіне хабар береді. Жүргізуші көлікті тоқтатып, жолаушыға маска тағуды немесе салоннан шығуды ұсынады.

Оқи отырыңыз: Маска тағудан бас тартқан 22 жастағы алматылық қыз сот алдында жауап береді 

Ал Алматы қаласы цифрландыру басқармасының басшысы Баян Қоңырбаевтың айтуынша, камералар адамның кім екенін анықтамайды. Жүйе жолаушыларды жазалау үшін емес, алматылықтар мен қала қонақтарын бетперде тағу мәдениетіне үйрету үшін жұмыс істейді.

Сонымен қатар брифинг барысында қаладағы мобильділік басқармасының басшысы жақын арада қоғамдық көлікте Wi-Fi арқылы тегін интернетті қолдана алатынын айтты. Тегін Wi-Fi ең алдымен троллейбустарға қойылады.

Жаңалықтар
0