Қоғам

Енді электронды оқулықтар ақылы болады – мамандар себебін айтты

© Sputnik / Максим Богодвид / Медиабанкке өтуНоутбуки и планшеты с разными электронными учебниками, архивное фото
Ноутбуки и планшеты с разными электронными учебниками, архивное фото - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Оқушылар opiq.kz электронды оқулықтарын тегін пайдалану үшін мектептер "Алматыкітап" баспасымен келісімшарт жасасуы керек

НҰР-СҰЛТАН, 2 қыркүйек – Sputnik. Қашықтан сабақ оқып жатқан оқушылардың ата-аналары министрлік сайтында көрсетілген электронды оқулықтарды жүктеу мәселесіне шағымданды. Оқулықтардың тізімі министрлік сайтында жарияланса да, оларды шетелдік платформаға жүктеп қойған. Ал кез келген оқулықтың электронды нұсқасын алу үшін  ақша төлеу керек.

"Білім министрлігі мектеп оқулықтарын жүктеуге арналған сілтемені жариялады. Бірақ ол сілтеме сыртқы ресурстарға апарады. Ал ол жерден оқулықты ақылы түрде жүктеу керек. Ай сайын жазылу қажет. Сонда мемлекеттік органдар біреудің жеке мүддесін қорғап отырған жоқ па?", - деп жазды Павел Александров. 

Оның айтуынша, министрлік сайтынан кейін opiq.kz сайтына өту керек. Ал ол сайттың иесі – шетелдік тұлға.

"Демек, біз Қазақстанда отырып, білім министрлігінің нұсқауымен қазақстандық оқулықтар үшін шетелде жатқан біреуге ақша төлеп жатырмыз", - дейді Александров.  

"Алматыкiтап" баспасының PR-директоры Ольга Бузулуцкая бұл мәселеге қатысты түсініктеме берді. Оның сөзіне қарағанда, электронды оқулықтардың тізімі төтенше жағдай режимі кезінде жарияланған. Сол кезде жүктеу қызметі тегін болған. Ал 2020 жылы 1 қыркүйектен бастап оpiq.kz сайтындағы оқулықтарды жүктеу үшін арнайы рұқсатты сатып алу қажет.

"Себебі opiq.kz сайтын эстондық әріптестеріміз жасаған. Ал ішкі контенттің иесі – "Алматыкiтап" баспасы. Биыл төртінші тоқсанда ол контент тегін болған. Себебі төтенше жағдай мен қатаң карантин енгізілді. Сол кезде оқушылар мен мұғалімдерге оңай болған жоқ. Көмек болсын деп, барлығы тегін ұсынылды. Негізі, opiq.kz сайтын жасау мен ұстап тұруға кететін шығындар біздің баспамыздың есебінен төленеді", - деді Бузулуцкая.

Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы "Қазақ әдебиеті" оқулығындағы кемшіліктерді жоюды тапсырды - Абаев 

Маманның айтуынша, электронды оқулықтар тек мәтін мен суреттен ғана тұрмайды. Оған қосымша мультимедиялық контент те кіреді. Бұдан бөлек, электронды журнал арқылы оқу процесін ұйымдастыру, техникалық қолдау сияқты шаралар бар. Оған біраз ресурс пен қаржы қажет.  

Алайда opiq.kz сайтынан электронды оқулықтарды тегін жүктеуге де болады. Ол үшін мектепке хабарласу қажет. 

"Мектеп пен баспа арасында келісімшарт жасалады да, соның негізінде мұғалімдер мен оқушылар электронды оқулықтарды пайдалана алады", - деп түсіндірді Бузулуцкая.

Айта кетейік, мектептерде қағаз үлгісіндегі оқулықтар да беріледі. Ондай оқулықтар 25 қыркүйекке дейін үлестіріледі деген жоспар бар.

Жаңалықтар
0