НҰР-СҰЛТАН, 2 қыркүйек – Sputnik. Қырғызстанның Тәуелсіздік күніне арналған концертте президенттің алдында өнер көрсеткен танымал ақын Аалы Тұтқышев елдегі жағдайды өлеңмен баяндап берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Айтыскер ақын "шіріген ескі системаның медицинаны да шіріткенін" айта келе, 60 мың долларға жедел жәрдем көлігінің сатып алынғанын еске алды. Осы саладағы жемқорлыққа қарамастан, дәрігерлердің коронавирусқа қарсы күресте бірігіп, вирусты найзамен емес, инемен жеңгенін жеткізді.
Сондай-ақ, ақын халықты тонап жатқан "дөкейлер", танысы жоқты қорлаған тас жүрек судьялар, ақша ұрлайтын кеден бекеттері мен дауыс ұрлайтын сайлаушылар туралы да сөз қозғады.
"Шала сауатты шаштан көп, танысы барлар тастан көп, көмескі талай істерді көрсетпей жасап жатқан көп", – деді Тұтқышев.
Оның айтуынша, аталған салалардың барлығын цифрлық жүйеге ауыстырса, халық бәрін онлайн режимде бақылайтын еді. Заңсыз әрекет те азаяды.
Оқи отырыңыз: "Бұл намыссыз қыздың әрекеті": белгілі ақын қазақтың қателігін айтып қапаланды
Салтанатты жиынға Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков, жоғары лауазымды шенеуніктер мен қонақтар қатысты.