НҰР-СҰЛТАН, 2 қыркүйек – Sputnik. Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев топ-менеджерлер мен жеке сот орындаушыларға сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы қолдануды ұсынды.
Бұл туралы ол Facebook-тегі парақшасында жазды.
Шпекбаев қазір қоғамның сыбайлас жемқорлықты барынша азайтуға деген талпынысы бұрынғыдан да зор екенін атап өтті. Агенттік басшысының пікірінше, дәл осы себептен бірқатар қызметкер үшін жазаны қатаңдату қажет.
"Күн тәртібінде мемлекеттік қызметші емес, бірақ жариялық міндеттерді орындайтын тұлғаларға сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы қолдану мәселесі де бар. Яғни, біз пара алғаны үшін коммерциялық банктердің топ-менеджерлерін, табиғи монополиялар субъектілерінің басшыларын, жеке сот орындаушыларын және жария қызметшілердің басқа санаттарын мемлекеттік қызметшілер сынды қылмыстық жауапкершілікке тартуды ұсынамыз. Бұл тәжірибе бүкіл әлемде кең таралған", - деді ол.
Тағы оқыңыз: Шенеуніктер мен депутаттардың шетелдегі шоттарына қатысты жаңа шектеулер енгізіледі
19 тамызда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жемқорлықпен күрес елдің стратегиялық дамуының басымдықтарының бірі екенін мәлімдеді. Атап айтқанда, Қазақстан ГРЕКО халықаралық ұйымына (сыбайлас жемқорлықпен күрес бойынша мемлекеттер тобы) кірді, бірінші басшыларды қол астындағы қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлығы үшін лауазымынан босату нормасын енгізді, нормативтік-құқықтық актілер жобаларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптамасын күшейтті.