НҰР-СҰЛТАН, 1 қыркүйек – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылдан бастап мемлекеттік қызметшілер мен депутаттардың шетелдегі есепшоттарына қатысты жаңа шектеулер енгізуді тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа тәсілдерін енгізген жөн деп санаймын. Сондықтан да 2021 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілердің, депаутаттардың, судьялардың шетел банктерінде есепшотқа ие болуы, қолма-қол ақша мен бағалы заттарды сақтауына қатысты жаңа шектеулер енгізу керек", – деді Тоқаев парламент палаталарының бірлескен отырысында.
Мемлекеттік қызметшінің немесе квазимемлекеттік мекеме басшысының қос азаматтығы анықталған жағдайда, олар қызметінен босатылады.
Жаңа жолдауын жария ету барысында президент құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, судьялардың, пара берушілер мен парақорлыққа делдал болғандардың сыбайлас жемқорлығы үшін жазаны қатайту тұрғысынан Қылмыстық кодекске өзгерістер енгізу керектігін атап өтті.
"Сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасағандарға шартты түрде мерзімінен бұрын босату шарасы қолданылмайды. Жемқорлықпен ұсталғандардың мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда жұмыс істеуіне өмір бойы тыйым салатын қағида қатаң сақталуы керек", – деді мемлекет басшысы.
Оқи отырыңыз: "Халық табысының тең жартысын тамаққа жұмсайды": депутат жалақы аз деп ашынды
Сонымен қатар, Тоқаев сыбайлас жемқорлық деректері туралы хабарлаған адамдарды заң жүзінде қорғайтын жүйе қабылдау қажет екенін айтты.